Қоғам

Көршілер арасындағы жер дауы

Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық. Бірақ, бұл сөз Бескөл ауылының кейбір тұрғындарына жат секілді. Себебі, олар біраз уақыттан бері өзара жерге таласып, жанжалдасып жүр. Айтуларынша, аудан орталығындағы жерлесіміздің бірі, демалыс орнында құрылыс жүргізуді бастапты. Міне, осыдан дау шыққан. Істің жалғасуын тоқтатқысы келетін жандар арнамызға хат жазып, көмек сұрады.

Бескөлдегі Пионер көшесінің тұрғындары жаға жартысып жатыр. Себебі, мұндағылардың бірі демалыс орнын алып тастап, құрылыс жүргізуде. Яғни, аумағы 54 шаршы метрді құрайтын жерге 2 бірдей нысан тұрғызуда. Міне, осы жайт дәм-тұзы жарасқан көршілердің дауласуына себепші болыпты.

Сталина Шулаева – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мұнда балалар ойын алаңқайы орналасуы керек еді. Алайда, олай болмады. Көршіміз ағаштарды кесіп, құрылыс жүргізіп жатыр. Біз демалыс орнын қалдыруды сұрадық. Тіпті мен аумағы 27 шаршы метрді құрайтын ескі қорамды бұзып, соның орнына нысандарды тұрғызуды ұсындым. Бірақ, келіспеді. Қарсылығымызға қарамай өз дегенін істеуде.

Светлана Мартынова – құрылыс жұмыстары толық бітпеген гараждардың иесі. Келіншек бұрындары нысанның орнында балалар ойын алаңы емес, тек қоқыс үйіндісі болғанын айтады. Кейін ол жерді пайдалы іске жарату үшін, мемлекеттен екі жылға жалға алыпты.

Светлана Мартынова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біз мұнда отбасымызбен бірге 5 жылдан бері тұрып жатырмыз. Бастапқыда бұл жерде қоқыстан және бұта мен ағаштардан басқа ештеңе болған жоқ. Олардың өзі апаттық жағдайда еді. Қатты жел болса, үйдің шатырына құлайтын. Оған қоса осы аумаққа адамдар қыста күл төгетін. Ал, жазда қоқыс тастайтын. Соның барлығын тазалап шықтық.

Светлана Мартынова – істі бастамас бұрын көршілерінің келісімін сұраған. Яғни, 16 отбасы мүшелерімен кездесіп, қол хат жинапты. Сонда бескөлдіктердің 50 пайыздан астамы құрылыс жұмыстарына қарсы еместіктерін білдірген екен. Мұны бізге аудандық жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері айтты. Ал, кейбірі келіспеген. Міне, дәл осы жандар арнамызға хат жазып, мән-жайдың ақ-қарасын анықтауды сұрады. Біз өтінішті назарсыз қалдырмай, жауапты мамандармен жолықтық.

Вероника Курочкина – Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

– Жер кодексінің 102-ші бабына сәйкес, тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін учаскелерді жалға алуға құқығы бар. Олар онда үй және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды жүргізе алады. Мәселен, монша, гараж және қора сынды нысандар салуға рұқсат етілген. Светлана Мартынова аумақты заң бойынша, яғни барлық талаптарға сай жалға алып отыр. Енді ол берілген учаскені 2020 жылға дейін пайдалана алады.

Бірақ, бұған қарсы жақ келіспейді. Олар мәселені жай қалдырмаймыз, жауапты мекемелерге тағы да шағымданамыз деп отыр.

Маржан Касымбек