Денсаулық сақтау

Дәрігердің жұмысын қосымша арқылы бағалау

Биыл 3-ші қалалық емхана цифрландыру шараларын мықтап қолға алған болатын. Осылайша, дәрігерлердің ісін жеңілдетіп, тұрғындар үшін бар жағдай жасауда. Жаңашылдықтың соңғысы бірнеше ай бұрын енгізілді. Енді ақ халаттылардың жұмыс сапасын кабинет сыртында орналасқан QR код арқылы бағалауға болады.

Салтанат Шигорбаева – шаһар тұрғыны. Мекен жайы бойынша №3 қалалық емханаға тіркеулі. Нәзікжанды осыдан бірнеше апта бұрын аяғын зақымдап алыпты. Содан бері ақ халаттылардың қарауына келіп жүр. Айтуынша, мамандардың қызмет сапасы – жоғары, науқасқа тиісті көңіл бөледі. Яғни, адамның тезірек жазылуына барлық жағдай жасайды.

Салтанат Шигорбаева – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Дәрігерлердің жұмыс сапасына әрдайым көңілім толады. Есіктеріне QR кодты ілгеннен кейін, СКО-мед қосымшасын жүктеп алдым. Маманның қарауынан шыққан соң, өз бағамды беремін. Осылайша, көрсеткен көмектері үшін ақ халаттыларға өзімше алғыс айтамын. Бұл – оларды әрі қарай ынталандырады деген ойдамын.

Жұмыстың сапасын 5 балдық шкала бойынша бағалауға болады екен. Егер тұрғын қызметті нашар, көңілге қонымсыз деп тапса, онда қойылған жұлдыздардың неліктен аз екендіктерін төменде жазулары тиіс. Бұл – емхана басшылығы үшін қажет. Мамандар осындай тәсіл арқылы өздерінің қол астындағылармен қалай жұмыс істеу қажеттігін білетін болады.

Сәбира Дайырова – №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

– Егер жұмыс сапасы төмен болса, онда сол мамандармен жұмыс жасайтын боламыз. Осы уақытқа дейін 100 шақты қала тұрғыны бағалады. Төмен деген баға жоқ.

Бұл – 3 айға жуықтаған жұмыстың нәтижесі. Көріп тұрғанымыздай, әлі күнге дейін қала тұрғындарының дені СКО-мед қосымшасының жаңа функциясы жайынды білмейді екен. Ал, жалпы бағдарламаны қолданатындардың саны аз емес. 2017-ші жылы іске қосылған жобаны қазір андроид пен айос пайдаланушылары көптеп жүктеп жатыр.

Александр Гузиенко – «Антис-мед» ЖШС менеджері:

– Бұл қосымшаға жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркелу қажет. Осылайша, маманның жұмысын бағалауға болады. Бағдарламада одан бөлек бірқатар пайдалы функциялар бар. Тұрғындар дәрігердің қабылдауына жазылып, дәріханалардағы препаттар туралы ақпарат алуда.

Емханаға бүгінде 71 мыңға жуық қала тұрғыны тіркеулі. Қазіргі уақытта бағдарламашылар осы адамдардың ыңғайлылығы үшін тағы бір фукнцияны жасап жатыр. Оның көмегімен тапсырған сараптаманың нәтижесін, әзірленетін қосымша арқылы көруге болады.

 

Эльмира Садвокасова