Қоғам

Жаңа автобустар қолданысқа берілді

Петропавлдықтардың назарына! 9-ші бағыттағы автобустың қатары толықты. Осыдан бірнеше күн бұрын 4 бірдей қоғамдық көлік қолданысқа берілді. Ресейде жасалған әр темір тұлпардың құны 21 млн теңгені құрайды.

Юрий Зайцев автобус жүргізушісі болып жұмыс жасап жүргеніне 15 жыл болып қалыпты. Бұл уақыт аралығында азамат түрлі қоғамдық көлікті тізгіндеп үлгерген.

Юрий Зайцев – автобус жүргізушісі:

– Ескі автобустар жаман болды деп айта алмаймын. Дегенмен, жаңаның аты жаңа. Мұндағы құрылғыларға көңілім толады. Барлығы заманауи. Панельді де ыңғайлы етіп жасапты. Тетіктердің бәрі көз алдымда. Оларды емін-еркін басып, жұмыс істей беремін. Рөлі де жеңіл. Қозғалтқышы анағұрлым күшті. Дизелдік отын аз жағылады.

Бұған қоса, салонда бейнебақылау камерасы орнатылған. Автобустың іші қосалқы пешпен жабдықталған. Жолаушылар жаңа қоғамдық көлікке оң бағалаларын беріп жатыр.

– Автобустың іші жақсы. Ескі автобустарда қысылып отыратынбыз, қазір кең ыңғайлы.

 – Өте ыңғайлы, іші кең әрі ыстық емес. Біздің көңілімізден шықты.

Жалпы, 9-шы бағытта қала бойынша 18 қоғамдық көлік қатынайды екен. Уақыт аралығы 6 минутты құрайды. Алдағы уақытта жолаушылар тасымалында тағы да оң өзгерістер орын алмақ. Мысалы, биыл тағы 16-шы бағыттағы автобусты жаңарту жоспарланып отыр. Негізі қалада жыл басынан бері 19 темір тұлпар қолданысқа беріліпті. Олар 5-ші, 23-ші және енді 9-шы бағытта қатынайды. Соңғы алынған көліктер Ресейде жасалған. Әрбірінің құны – 21 млн. теңге.

Галина Семенова, «СҚО Автокөлiк одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Автобусқа тапсырыс берердің алдында біз біраз кәсіпорынды қарастырдық. Соңында Түмен қаласындағы өндіріс ошағын таңдадық. Себебі, бұл аймақ СҚО жақын орналасқан. Ауа-райы біздікіне ұқсас. Ондағы қоғамдық көліктер өлкеміздің де қытымыр қысына шыдас береді.

Негізі, бүгінгі күні қала ішінде 270 қоғамдық көлік қатынайды екен.

Актолкын Солтанханкызы