МТРА жаңалықтары

“СҚ ЭЖТК” АҚ SCADA жүйесін енгізді

180 млн теңгеден астам қаржы мен 10 жылға созылған шаруа. “Солтүстік Қазақстан Электр желілерін Таратушы Компаниясы” акционерлік қоғамы жұмыстарына SCADA жүйесін енгізді. Жаңашылдық 8 аудан мен Петропавл қаласындағы станцияларды бақылауда ұстайды. Яғни, ақаулар орын алғанда оны тез арада шешіп, тұрғындарды жарықсыз қалдырмауға мүмкіндік береді.

SCADA жүйесін СҚ Электр желілерін Таратушы Компаниясы осыдан жарты жыл бұрын қолданысқа енгізіпті. Бұл процесс – 10 жылға созылған. 2008-де басталған шаруа 3 кезеңмен жүргізілген екен. Ең алдымен мамандар өңірдегі 158 қосалқы станцияға қажетті қондырғыларды орнатыпты. Кейін, мағлұматтарды жинап, байланыс каналдарын жаңғыртқан. Ұзақ уақыт пен 180 млн теңге көлеміндегі қаржыны талап еткен жұмыстың нәтижесі – тұрарлық. SCADA жүйесімен бүгін облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев танысты. Жаңашылдықтың тиімді тұстары – жетерлік. Мамандар үшін ғана емес, 8 бірдей аудан мен Петропавл қаласының тұрғындар үшін де. Себебі, бұлардың барлығы СҚ Электр желілерін Таратушы Компанияға қарайды.

Анатолий Казановский – «Солтүстік Қазақстан Электр желілерін Таратушы Компаниясы» АҚ бас директоры:

– Жүйе орын алған ақауларды тез арада реттеуге септеседі. Мәселен, қосалқы станцияның біріндегі жұмыс тоқтап қалса, орталықтағы диспетчерлерге 60 секундтың ішінде хабар келіп түседі. Яғни, дәл осы уақытта белгілі бір ауданның тұрғындары жарықсыз қалады дегенді білдіреді. Диспетчер өз кезегінде жүйенің көмегімен, адамдарды резервті станцияға қосып, уақытша электр энергиясымен қамти алады. Кейін апат орын алған жерге бригаданы жібереді. Бұрындары, мамандар шаруаны реттегенше дейін, жерлестеріміз жарықсыз отыратын.

Енді мұндай проблемалар туындамайды дейді акционерлік қоғамның бас директоры. Әзірге, жүйе толыққанды Петропавл мен Бескөл ауылындағы қосалқы станцияларда іске қосылған. Қалғандарында шаруа жуық арада аяқталады. Осылайша, тұрғындардың жарықсыз қалуына жол берілмейді. Жүйенің бұл артықшылығын іс жүзінде де көрдік. Мамандар Булаево қаласындағы станциядағы апатты имитациялады. Бұл ақпарат бірнеше секундтың ішінде бірден диспетчерлік орталыққа жетті. Дабыл қосылып, экранда орын алған ақау көрсетіледі. Сондықтан, кез келген жағдайды реттеп, бригаданы жіберуге мамандар сақадай-сай дайын болулары тиіс. Мұнда 4 қызметкер еңбектенеді. Олар 12 сағаттан кезекшілік етіп, жағдайды бақылауда ұстайды.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазіргі таңда облыс әкімінің бастамасымен жергілікті университетпен бірлескен жоба әзірлеудеміз. Оның мақсаты -студентті мамандыққа 1-ші курстан бері тарту. Ол жоғарғы оқу орнына келгенде техникалық жобаны қолға алады. Белгілі бір компанияға барып, 4 жыл бойы қызметкерлермен бірге жұмыс істейді. Сөйтіп, қолына дипломын алғанда, тәжірибелі маман болып шығады. Әрі өзінің саласы бойынша біліктілігі артады.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев дәл осы жобаны СҚ Электр желілерін Таратушы Компаниясымен бірге іске асыруға болатынын тілге тиек етті. Әсіресе, ақпараттық технологиялар мамандығында оқитын студенттер үшін бұл қызықты әрі пайдалы болмақ. Себебі, дәл осындай SCADA сынды заманауи, алдыңғы қатарлы жүйемен жұмыс істеу бәріне бірдей бұйырмайды. Акционерлік қоғам өкілдері өз кезегінде ұсынысты қарастыратындарын мәлімдеді.

 

Эльмира Садвокасова