Тұлға

Лекер Шаймергеновты еске алу шарасы өтті

Қызылжар ауданының Озерное селосында Лекер Шаймергеновты еске алу шарасы өтті. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, елін жау қолынан қорғаған азамат. Кейін, өмір бойы милиция қызметінде жұмыс істеген жан. Қазіргі күні ардагердің ісін балалары мен немерелері жалғастырып жүр.

Лекер Шаймергенов 1926 жылы Есіл ауданына қарасты Мәдениет ауылында туған. Оның жасөспірім шағы сұм соғысқа тура келді. Ал 44-те 18 жасқа толып, майданға аттанды. Жерлесіміз снайперлердің қатарында жеңісті жақындатқан екен. Соғыстан соң азамат елге оралады. Жұмысқа тұрады, отбасын құрады. Ол ұзақ жылдар бойы милиция қызметкері болып еңбек етеді. Бүгін еліне ардақты ардагерді ауылдастары, туыстары, әріптестері мен балалары еске алып, рухына тағзым етуде.

Жалел Шаймергенов – Лекер Шаймергеновтың ұлы:

– Әкемізге өте ризамыз. Барлық балаларына жақсы тәрбие берді. 5 бала өсірді.

Еске алу шарасы Қызылжар ауданындағы Озерное селосында өтіп жатыр. Себебі, жерлесіміз өмірінің соңғы 30 жылын осында өткізіпті. Мұндағылар ардагерді біледі, құрметтейді. Бүгінгі күні елді мекенде Лекер Шаймергенов атындағы көше бар.

Еске алу шарасына ауылдықтар белсенді ат салысты. Олардың бірі күй тарты, екіншісі ән шырқады. Бишілер де өнер көрсетті. Каратистер де қалыс қалмады. Жастар ортаға шығып, өз шеберліктерін көрсетті.

Інжу Мүрсәлім – жас каратэші:

– Бүгін Лекер Шаймергенов атамызды еске алып жатырмыз. Осы орайда біз де өнерлерімізді халыққа көрсетттік. Жалпы, мен каратэмен 2 жыл айналысамын.

Лекер Шаймергеновты еске алуға арналған шарада қазақ күресінен турнир де ұйымдастырылды. Сайысқа 8 палуан қатысты. Олардың арасында ардагердің немересі Рустам Шаймергенов те бар. Білекті жігіт қарсыластарын айқын ұтып, жеңісін отбасына арнады.

Рустам Шаймергенов – Лекер Шаймергеновтың немересі:

– Атамызды жиі еске алып отырамыз. Бұл біздің парызымыз.

ҰОС-ның және ІІМ-нің ардагері Лекер Шаймергенов 2009 жылы 83 жасында дүниеден өтті. Ардагердің көзі тірі болса биыл 93-ке толар еді.

Ешкенова Дана