МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдік отырысы өтті

Орақ науқанына дейін жұмысшылардың жалақысын арттырыңыздар. Әкімдіктің кезекті отырысында теріскейлік аграрийлерге аймақ басшысы Құмар Ақсақалов осыны жүктеді. Жиында табысты конвертке салып беруді тоқтату, яғни көлеңкелі экономикамен күресу жайы да тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, шара барысында мамандар өңірдің соңғы жарты жылдағы дамуын тағы бір рет сараптап, ақсап тұрған салалардағы проблемаларды талқылады.

Осыдан бір ай бұрын облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары зайыбымен бірге 83 млн теңге бюджет қаржысын қалтасына басты деген күдікпен құрықталған еді. Бұл резонансты іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр. Ал қарамағындағы жанның қызметін тиісті түрде бақыламаған басқарма басшысы Ескен Әкімжановтың ерікті түрде креслосын босатып, жұмыстан кеткені мәлім. Бүгін өңірдің жаңа бас финансисі Наталья Дышкантты аймақ басшысы жиналғандарға таныстырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Наталья Геннадьевна Көкшетау экономика және менеджмент институтын қаржы және кредит мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылдан осы уақытқа дейін СҚО әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Күн тәртібінде 3 мәселе. Алдымен атқарушы билік соңғы жарты жылдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағамдады. Инвестиция тарту, баспана беру, бөлшек сауда және құрылыс – облыстың бас статистигі Марал Нұржауыпова барлық маңызды салалар бойынша өсімнің бар екендігін айтты. Әсіресе, өңдеуші және жеңіл өнеркәсіпте ілгерілеу байқалады.

Марал Нұржауыпова – СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Азық-түлік өндірісі – 22,6 пайызға, ұн өндірісі – 37,3, ал сүт өнімдерін шығару – 9,1 процентке артқан. Дайын металл өнімдерін жасауда 29,6 пайыздық, сусын өндірісінде 14,4, жиһаз жасауда 12,1, пластмасс өнімдерді әзірлеуде 3,6 пайыздық өсім байқалады.

Ал машина жасауда бақандай 40 пайыздық төмендеуге жол беріппіз. Бұған себепші болған жәйттердің бірі, әрине, ЗИКСТО зауытынының жабылуы. Жүк вагондарын шағаратын кәсіпорын жұмысын тоқтатқалы жарты жалдан асты. Бүгінде мұндағы қызметкерлердің айлығы төленді, басшылық ауыстырылды. Өндіріс ошағының болашағы енді республика деңгейінде талқыланып, шешіліп жатқан көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәселені Премьер-Министрдің өзі жеке бақылауына алды. Бүгінде, арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жуық арада жағдай түзеліп, зауыт қайта іске қосылу тиіс.

Ал ауыл шаруашылығында ше? Үстіміздегі жыл диқандар үшін сәтті болайын деп тұр, қамбаға астық көптеп құйылуы тиіс. Мемлекеттік қолдаудың арқасында техника паркі де қарқынды жаңартылып жатыр. Алғашқы 6 айдың өзінде трактор, комбайн, себу кешендері және өзге де техниканың 1160 бірлігі алынған. Жыл соңына дейінгі меже – 1600. Бұл 2018-бен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ал ет өндірісінде – 3, сүт өндірісінде – 1,5, жұмыртқа өндірісінде – 4,5 пайыздық өсім бар. Мал басы да артқан.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қазірдің өзінде өңірге 2800 асыл тұқымды мал басы әкелінді. Жыл соңына дейін 4 сүт тауарлық ферма салынып, жұмысын бастамақ. Өзіңіз берген тапсырмаға сай, болашақта жылына 8-10 сүт-тауарлық кәсіпорын тұрғызуды көздеп отырмыз.

Ия, сүт-тауарлық фермалардың санын белсенді арттырып жатырмыз. Алайда, мал басымен бірге оны қоректендіретін бордақылау алаңдарын да көбейту қажет деді Құмар Ақсақалов. Аграрийлерге әкім, жұмысшыларыңның жалақысын арттырыңдар деп те тапсырма берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Орақ науқаны басталғанша еңбекақы мөлшері төмен шаруашылықтардың басшылары қызметкерлерінің айлықтарын өсірсін. Бұл қолдан келерлік шаруа. Өйткені, сала дамып келеді, мемлекет субсидия бөліп, шаруаларға қолдау көрсетіп жатыр. Сондықтан, түскен пайданы тек өз қалталарыңызға баспай, халықты да ойлаңыздар. Бұқараның тұрмыс сапасы мен табысын арттыру керек.

Жалақы демекші, өңірдегі орташа айлық соңғы алты айда шамамен 11 пайызға өсіп, 113 мың теңгеден асты. Петропавл бойынша 133 мыңды құрапты. Аудандар арасында көш басында Қызылжар – шамамен 110 мың теңге, ал Уәлиханов көш соңында. Мұндағы табыс 91 мың теңгеден сәл асады. Осы орайда, Құмар Ақсақалов, көлеңкелі экономикамен күресті мықтап қолға алынғандығын айтты. Яғни, жалақыны карточкаға емес, конвертке салып төлейтін, осылайша салықтан жалтаратын мекемелер әшкереленеді, жауапкершілікке тартылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Арнайы комиссия жасақталды. Оған өзім төрағалық етемін. Түрлі ведомство өкілдерімен бірлесіп көлеңкелі экономиканмен күресудің жаңа механизмін құрып жатырмыз. Тағы, қолма-қол есеп айырысудың экономикадағы үлесін азайту қажет. Бүгінде теріскейліктердің тек 16 пайызы ғана карточкамен сауда жасайды, коммуналдық қызметтерді электрондық түрде төлейді екен. Бұл өте төмен көрсеткіш.

Сондықтан, қысқа уақытта дүкендердің барлығы пос-терминал орнатуы тиіс, ал коммуналдық қызметтер бойынша төлемді үйден шықпай-ақ өтеу мүмкіндігін жасау қажет. Тілге тиек етілген тағы бір тақырып – жастар саясаты мәселесі. Дипломын жаңа қолына алған жанды не толғандырады? Әрине, жұмыс табу. Азаматтарды еңбекпен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жететін. Бір ғана «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жыл сайын 350-дей маман елді-мекендерге барып, қызметке орналасады екен. Алайда, мінберден сөз алған жастар саясаты басқармасының басшысы Ирина Тухватулина, кей аудандарда қыз-жігіттерді тарту ісі сылбыр жүргізіледі деді. Мәселен, жоғарыға айтылған «Дипломмен ауылға» бойынша жарты жыл ішінде Мамлют ауданына бір де бір жас келмепті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудандар, жергілікті атқарушы органдар жас мамандарды тарту үшін не істеп жатыр, оларға қандай жағдайлар жасалынуда? Осы мәселе бойынша тиісті мониторинг жүргізуді тапсырамын. Өйткені, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар көп. Проблема бүгінде өзекті тұр. Тиісті шара қолданбай жатқан атқамінерлерді жауапкершілікке тарту қажет. Өйтпесе болмайды.

Аграрлық аймақ болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласына да білікті мамандар керек. Өткен жылы жергілікті университетте агротехнологиялық факультет ашылды. Мемлекет тарапынан да, әкімдік тарапынан да гранттар бөлініп-ақ жатыр. Алайда, құлық танытушы талапкерлер аз. Өңір басшысы бұл аграрийлер мен аудан әкімдерінің жауапсыздығынан деді. Оларға аталмыш мамандықтарға деген сұранысты арттыру жұмыстарына қарқын қосу қажет.

 

Саят Ермек