Балалар

Өңірге арыстық балалар демалуға келді

Солтүстік Қазақстан Арыс балаларын құшақ жая қарсы алады! Жексенбі күні өңірге жарылыс орын алған Арыстан 50-ге жуық ұл-қыз келді. Олар 1 ай бойы «Алтын күз» сауықтыру демалыс орнында тынығатын болады. Оған қоса, қаламыздың көрікті жерлерін, музейлерді аралап, теріскейдің тарихымен таныспақ.

Темір жол вокзалына жиналған теріскейліктердің саны көп. Барлығы Арыс қаласынан келетін балаларды тағатсыздана күтіп тұр. Пойыз да белгіленген уақытынан кешікпей, келіп жетті.

Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан. Теріскейліктер келген қонақтарды дәстүрге сай қарсы алды. Ұлттық киім киген ұл-қыздар пойыздан түсіп жатқан балаларға шар ұсынды. Ал домбыра ұстаған өнерпаздар күй ойнап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй силады.

Ілесе дәмі тіл үйірер бауырсақ та ұсынылды. Жалпы, өңірге сонау Арыстан 6 мен 13 жас аралығындағы 48 бала келді. Тағы, 4 мұғалім бар. Олар ұл-қыздармен бірге болады.

Сұлушаш Жүсіпбекова – С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі, Арыс қаласы:

– Барша қазақстандықтарға көп рақмет. Қолдауларыңыз үшін алғысымыз шексіз. Келіп жеткенімізге қуаныштымыз.

Арыстықтар өңірде қызық әрі тиімді уақыт өткізбек. Олар бір ай бойы «Алтын күз» сауықтыру демалыс орнында тұратын болады.

Күлімкөз Смайылова – СҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

 – Осы күндер ішінде талай қызықты сәттер өтетін болады. Өңіріміздің көрікті жерлерін таниды. Мағыналы шараларды өткізетін боламыз. Арыстың балаларына біздің облыста демалу ұнайды деген үміттеміз. Жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күймен баруларына тырысамыз.

Міне, меймандар автобусқа да отырды. Олар осы көлікпен демалыс орнына бармақ. Мұндағы балалардың көбісі өңірге алғаш келген екен

Айдос Күлсары:

– Мен Петропавлға алғаш рет келіп отырмын. Бауырсақ беріп күшті қарсы алды.

Жалпы, шілде айында Арыс қаласының 4 мыңнан астам баласы еліміздің басқа да облыстарына демалуға жіберіліпті.

 

 

 

Маржан Касымбек