Құқық қорғау органдары

«Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтуде

Петропавлда кезекті «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтуде. Шара шілденің 20-на дейін жалғаспақ. Оның аясында тәртіп сақшылары тұрғындармен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тындамақ. Проблемалық сұрақтардың шешілуіне ат салыспақ.

Валерий Мюльбах – қала тұрғыны. Оның темір тұлпарды тізгіндегеніне 50 жылдан асыпты. Көлік иесін жол сапасы мазалайды. Тәртіп сақшыларына дәл осындай сұрақпен келіп отыр.

Валерий Мюльбах- қала тұрғыны:

– Мен бүгін Ромашкино саяжай кентінен Соколовка бұрылысына дейінгі жолдың жайын сұрап келдім. Бұл аймақта 4 жолақты сапалы асфальт салынған болатын. Қазір жолдың тек жартысы ғана халық игіліне тапсырылды. Шаруаның қашан тәмамдалатыны туралы сауал қойдым. Тәртіп сақшылары аталған аумақ биыл қолданысқа беріледі деп уәде етті.

Акцияға тек көлік иелері ғана емес жаяу жүргіншілер де қатыса алады. Ал келе алмаған тұрғындар өз сұрақтарын инстаграмм желісінде жүргізілген тікелей эфир арқылы қойып жатыр. Оның барысында полицейлерге 10 шақты сауал түсті. Мүмкіндікті «City Mall» сауда ойын-сауық орталығының басшылығы жіберген жоқ. Ұжым нысан алдына жаяу жүргіншілер белгісін қоюды сұраған. Мәселе – тәртіп сақшыларының бақылауында.

Жасұлан Оспанов – СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

– Алдымен арнайы комииссиямен қараймыз. Егерде қажет талаптарға сай болса, бұл белгі түстен кейін орнатылады.

«City Mall» сауда ойын-сауық орталығы басшылығының сұрауы ескерілді. Түстен кейін нысан алдына жаяу жүргінші белгісі ортанылды. Мазалайтын сұрақтарымен тұрғындар “Вектор” супермаркетіне де ағылуда. Тағы “жолда қабылдау” акциясы С.Мұқанов 24, Жұмабаев 150,152 және Жуков 21 А сынды көпқабатты үй жанында өтіп жатыр.

Шәмшиден Ақышев, Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

 – Петропавл қаласының аймағында 19-20 шілде аралығында «Жолда қабылдау» республикалық акциясын өткізудеміз. Бұл шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды мазалап жүрген сұрақтарына жауап беру болып табылады. Бүгін «Сокол» сауда орталығының маңында өткізіп жатырмыз. Келушілердің көбісі жол полициясы мен учаскелік пункт бөлімшелеріне жүгінуде. Барлығына мардымды жауап берілді.

Полиция қызметкерлеріне сауалдары бар тұрғындардың құлағына алтын сырға! “Жолда қабылдау” акциясы ертең де жалғасын табады. Ол «Азия» сауда орталығы маңындағы көпқабатты үй мен Алтынсарин көшесіндегі «Центр Кредит» банкінің аймағында өтпек.

 

 

Актолкын Солтанханкызы