Ауыл шаруашылығы

Жергілікті және қытайлық университеттің бірлескен жобасы

Былтыр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен әріптестік орнатқан болатын. Арадағы келісім аясында теріскейде ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы күні өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары өсірілуде.

Суыққа төзімді, дәнмаңызы жоғары. Жергілікті университеттегі агротехнологиялық факультет студенттері мен оқытушылары бидайдың жаңа сұрпын шығарумен айналысып жатыр. Зерттеулер мен тәжірибелер заманауи агротехнопаркте жүргізілуде. Бұл – аспан асты елімен орнатылған әріптестіктің жемісі. Нысанды Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті мен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ бірлесе ашқан.

Алтын Шаяхметова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехнологиялық факультетінің деканы:

– Біздің өңірде жақсы өсетін ауыл шаруашылығы дақылдарын іріктеп алдық. Оларды селекциялық материал ретінде қолданып жатырмыз. Яғни, бидайдың, картоптың бірнеше сұрыптарын будандастырып, ең оңтайлысын шығармақшымыз. Жаңа сорттар түрлі өсімдік ауруларына төзімді болуы тиіс.

Агротехнопарктің аумағы небәрі 5 га, ал потенциалы аса жоғары. Қытайлық меймандар кеше ғана оны аралап шыққан. Олар жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелерімен танысыпты.

Жанг Джинмао, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің профессоры, ҚХР:

– Студенттер мен оқытушылардың көздерінен қызығушылықты байқадық. Айналысып жатқан істері олар үшін маңызды. Бұл, әрине, қуантады. Атқарылған шаруа да ауқымды екен. 18 сорт сыналған. 13-і теріскейдің климатына төзімді болып шыққан. Келесі жылы сұрыптардың санын көбейтпекшіміз.

Қос оқу орны арасындағы әріптестік мұнынмен ғана тоқтап қалмаған. Мәселен, өткен оқу жылында 6 жергілікті студент Қытайға аттанып, Солтүстік-Батыс университетінде 1 семестр оқып келіпті. Ал бізге аспан асты елінен профессорлар келіп, бір ай бойы дәріс оқыған. Қазіргі таңда агротехнологиялық факультеттің 1 магистранты мен 3 оқытушысы Қытайдағы ЖОО-да тегін білім алып жатыр.

Саят Ермек