Қайырымдылық

Вероника Шиловаға ота жасалады

Апта басында қатерлі ісікке шалдыққан Вероника Шилова жайлы сюжетті назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Онда қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, жомарт жандар науқас қыздың отасына ақша жинап жатқан болатын. Қазір қажетті сомма бар. Ертең 10 жастағы жерлесіміз анасымен бірге Санкт-Петербург қаласына аттанады. Сол жақта операция істелмек.

Биыл Вероника Шилованың жасы 10-ға толыпты. Өмірге құштар қыздың бір күлкісі ата-анасының бар бейнетін ұмыттырады. Бірақ, жерлесіміз қатарластары секілді қуанып, ойнауға хәлі жоқ. Өйткені, ол ауыр дертке шалдыққан.

Элина Шилова – Вероника Шилованың анасы:

– Осыдан бір ай бұрын дәрігерлердің қабылдауында болдық. Олар қызымды ультрадыбыстық зерттеуден өткізді. Сол кезде мамандар Верониканың миынан қатерлі ісік тапты. Оған қоса, біздің елде мұндай ісікке ота жасалынбайды екен. Сондықтан, Санкт-Петербург қаласының нейрохирургынан көмек сұрадық.

Ресейлік білікті маман қыздың миына ота жасауға бірден келіскен екен. Бірақ, операцияға шамамен 2 млн теңге қажет. Оған қоса, жолға кететін шығын да бар. Отбасыда мұндай қаражат жоқ, оны табу қиын. Сондықтан, Верониканың анасы әлеуметтік желідегі инстаграмм парақшасына қызының жағдайы жайлы жазады. Бұл пост желіде тарап, жерлестерімізді бей-жай қалдырмаған. Қол ұшын созудан ниеттілер көп. Тіпті, қала әкімдігі де қаржы жину мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырыпты. Соңғысы – қайырымдылық аукционы. Шара шамамен 1 апта бұрын өткізілді

Элина Шилова – Верониканың анасы:

–  Еліміздің түк-түкпірінен адамдар жазып, қаражат жіберіп жатыр. Материалдық көмек, тіпті Ресейден де келуде. Оларға айтар алғысым шексіз.

Бір айға жетпей қажетті қаражат жиналды. Вероника ертең таңертең анасымен бірге Санк-Петербургке пойызбен аттанады. Қыздың қуанышында шек жоқ. Ол ауруынан толық айығатынына сенімді.

Вероника Шилова:

 – Мен жүгіруді, сурет салғанды, ән айтып, би-билегенді жақсы көремін. Маған ота жасағаннан кейін сүйікті істеріммен қайта айналысқым келеді.

Бұл – Даша. Верониканың 6 жастағы сіңілісі. Ол әпкесін қатты жақсы көреді, сондықтан оның жанынан бір елі қалар емес. Көңілін аулап, күлдіртуге тырысып жүр.

Дарья Шилова- Верониканың сіңлісі:

 – Мен әпкемді қатты жақсы көремін. Вероника бұрынғыдай менімен ойнағанын қалаймын.

Ота жасалғанымен, Верониканың құлан таза айығып кететіне мамандар толық кепілдік бермейтін көрінеді. Операциядан соң бірнеше мәрте тексеріс жүргізу керек. Қажет болса, тағы бір ота жасалуы мүмкін.

Маржан Касымбек