Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі келді

Өңірге жұмыс сапарымен АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер келді. Бүгін ол аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен жүздесті. Кездесуде қос тарап әріптестік жайын талқылады. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы саласында қоян-қолтық жұмыс істеу туралы әңгімелесті.

Уильям Мозер АҚШ-тың Қазақстандағы Елішісі болып наурыз айында ғана тағайындалды. Бұл оның Солтүстік Қазақстанға алғашқы рет келуі. Мейманды өлкеміздің шұрайлы табиғаты, әсіресе, қалың ормандары таңдай қақтырыпты.

Уильям Мозер – АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Облыс әкімімен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Айтарым, бұл өлке мені қатты қызықтырды. Жасыл желектің көптігінен ауа мұнда ерекше таза. Кеше қаланы аралап, қыдырып қайттым. Петропавлдың архитектурасы тартымды екен. Әсіресе, бұрынғы көпестердің үйлері ұнады.

Енді, маңызды мәселелерді талқылар шақ. АҚШ пен Солтүстік Қазақстан қоян-қолтық жұмыс жасай алатын басты сала, әрине, – ауыл шаруашылығы. Бастама бар. Биыл жергілікті «Bio Operations» зауыты Америкаға құрғақ бидай кілегейін эскпорттай бастады. Бірақ әріптестік шеңберін одан әрі кеңейтуге болады деді облыс әкімі. Мәселен, американдық техникаға жергілікті шаруалар тарапынан сұраныс жоғары.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “John Deer” компаниясымен 20 жыл бойы тығыз жұмыс жасап келеміз. Осы маркалы тракторлар, комбайндар мен себу кешендері біздің алқаптарда жұмыс істейді. Техниканың сапасы жоғары. 1 жыл бойы үздіксіз жүргізілген келіссіөздердің нәтижесінде, жуырда немістің “Claas” компаниясы Петропавлда техника жинайтын зауыт ашады. “John Deer” де шаһарымызда осындай кәсіпорын ашса жақсы болар еді. Біз барлық жағдайларды жасап береміз.

Құмар Ақсақалов аймақта жылына 5 млн тоннадай астықтың өндірілетінін айтты. Сөзінше, бұдан да көп өнім алуға мүмкіншілік бар, жеріміз құнарлы. Алайда, тың технологиялар мен білікті мамандар қажет. Осы бағытта да бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмассақ деген бұйымтай тастады облыс әкімі. Қазірдің өзінде Қазақстанда бірқатар американдық компаниялар жұмыс істейді. Алпауыт елдің өзге де инвесторлары бізге қаржы құйып, еңбек етуге дайын екен. Бастысы, жағдай жасалса болғаны.

Уильям Мозер – АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Біздегі Солтүстік Дакота штатындағы климат Солтүстік Қазақстандікімен ұқсас. Біз қолайсыз ауа-райына қарамастан қалай мол өнім алу керектігін білеміз. Американдық фирмалардың жергілікті фермерлермен бірлесе жұмыс істеуі үшін арнайы бағдарлама жасау қажет деп ойлаймын. Мәселен, астықты қажетті көлемде өсіру үшін біздің инвесторларға қаржылай көмек көрсетсеңіздер деген тілек бар, тағы ел заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу керек.

Уильям Мозердің сөзінше бұл ұзақ уақытты талап ететін үрдіс. Бірақ, нәтиже қос тараптың да көңілінен шығары сөзсіз.

Бұл – шаһардағы №40 орта мектеп. Білім ошағында сөйлеуі мен жазуында кідіріс бар, даун синдромына шалдыққан және аутист балғындарға арналған инклюзивтік орталық бар. Қазір мұнда 20 бала қосымша білім алады. Аптасына екі рет олармен психолог, дефектолог және логопед мамандар жұмыс істейді. Бұл кабинетті ашуға АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі грант бөліп, қаржы құйыпты. Уильям Мозер орталықтың жұмысымен танысты, тәрбиленеушілермен де тілдесті.

Елішінің сөзінше, Америкада ерекше балаларға қатты көңіл бөлінеді. Олардың әрқайсысы сапалы, мүмкіндігіне қарай білім алуға құқылы. Тағы да гранттар бөліп, осы сынды орталықтардың санын көбейтсек қалай болады? Облыс әкімдігі тарапынан Уильям Мозерге осындай ұсыныс түсті. Елші осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын екендігін жеткізді.

Саят Ермек