Спорт

“Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі өтуде

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың сайысы. Кеше дәстүрлі «Ақ бидай» жазғы спартакиадасы өз жалауын желбіретті. Биыл ауқымды шара М.Жұмабаев ауданының орталығында өтуде. Жарысқа 2500-ден аса спортшы жиылған. Кімнің мысы басым түсетінін 4 күндік қызу бәсеке көрсетпек.

Бір жыл бойы спортшылардың тағатсыздана күткен жарысына жұмабаевтықтар жақсы дайындалыпты. Мұнда су жаңа стадион тұрғызылған. Ойындардың барлығы дерлік осында бір мезетте өтіп жатыр. Баскетбол, волейбол, гір көтеру мен бокс. Соңғысына көрермен көп жиылды. Себебі, бірнеше сағатқа жалғасқан кездесулер бірінен бірі өтеді. Былғары қолғап шеберлеріне аз да емес, көп те емес 9 минут уақыт берілген. 3 раундта олар мықтылықтарын дәлелдеп үлгеру қажет.

Қазір шаршы алаңда ақжарлық Ақан Дайыркен мен есілдік Арман Абулғазин. Қос жігіттің арасындағы тартыс ешкімді бей-жай қалдырмады. Жанкүйер болып келгендердің барлығы жан-жақтан өз ақыл-кеңестерін беріп жатыр. Көрсетілген қолдау көмектесті ме, әлде айла-тәсілін асыра білді ме ұпайлар бойынша 22 жастағы Арман жеңіске жетті.

Арман Абулғазин – жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Қарсыласым – мықты. Дайындалғандықтан ұттым. Классикалық бокс. Бапкерлерімнің үйреткенін жасадым. Қарсыласым қисық ұрады. Ауыр болды.

Қызықты әрі тартысты жұдырықтасу ақжар ауданының намысын қорғап келген Бақдәулет Далехан мен жамбылдық Данияр Алдамасовтың арасында да болды. Соңғысы рингке 2016-тан бері шықпапты. Арқасын жарақаттап, жарыстардан шеттетіліп қалған спортшының шаршы алаңды сағынғаны көрініп-ақ тұр. Былғары қолғап шебері қарсыласын бар-жоғы 1,5 минуттың ішінде жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Данияр Алдамасов – жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Мен шаршы алаңға ертең шығуым керек едім. Бірақ, бүгін аяқ астынан өнер көрсеттім. Денемді де қыздырып, жаттығу жасағаным жоқ. Сондықтан, бар ойым тез жеңіске жету болды. Өзімді қорғаныста ұстадым. Қарсыласымның бет тұсы ашылғанын пайдаланып, соққы жасадым. Кездесу оңай болды деп айта алмаймын.

Жарысқа қатысуға 40 жұп өтініш білдіріпті. Алайда, олардың кейбірі рингке шықпай қалды. Сөйтіп, жартылай финалға жолдама алатындар 8 салмақ дәрежесі бойынша 72 боксшының арасынан іріктелді. Ал, баскетболға болса, тек 8 ауданның құрамалары қатысуда. Төрешілердің сөзінше, жыл сайын фавориттердің тізімі өзгеріп отырады. Сәйкесінше, биыл мына ұжым жеңіске жетеді деп бәс тігу әлі ерте.

Павел Антоненко – баскетболдан аға төреші:

– Баскетболдан жартылай финалға 8 команда шықты. Олардың 4-еуі қыздар, 4-еуі жігіттерден құралған ұжымдар. Әзірліктері байқалып тұр. Ғ.Мүсірепов ауданының өкілдері – мықты. Қызылжарлықтарды да атап өтуге болады. Жастардан тұратын жаңа команда жасақталыпты. Қалаға жақын орналасқандықтан, олар шаһарлықтармен бәсекеге түседі. Сөйтіп, шыңдалып келеді. Бірақ, бірінші орынды кімнің алатынын соңғы күнге дейін айта алмаймыз.

Қызу тартыс волейбол алаңында да жүріп жатыр. Қыздар мен жігіттер бір уақытта сынға түсуде. Қатар ұйымдастырылған екі ойын да қызықты. Көрермендер біресе ер азаматтардың, біресе нәзік жандылардың сайысын тамашалауда.

Бұл – Айыртау ауданы мен жарыс иелері арасындағы кездесу. Волейбол олимпиадалық жүйе бойынша өтуде. Сондықтан, командалар үшін қалайда болсын жеңіске жету қажет. Әзірге, құрамалар тең түсуде.

Денис Оберемко – Айыртау аудандық волейбол құрамасының ойыншысы:

– Жарысқа мықтап дайындалдық. Айыртауда өзіміздің лигамыз бар. Оған 12 бірдей команда қатысады. Үздік дегендерін іріктеп, «Ақ бидай» ойындарына келдік. Қазір алаң иелерімен бақ сынасудамыз. Араларында қалалық лигада өнер көрсетіп жүрген волейболшылар бар. Сондықтан, оңайға түсіп жатқан жоқ. Жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз.

Дене шынықтыру – сауықтыру кешенінде де волейбол ойыны. Мұнда да М.Жұмабаев ауданының командасы өнер көрсетуде. Бірақ, кәсіби емес – әкім аппараты мен қоғам өкілдерінен құралған құрама. Қарсыластары – өзге ауданның атқамінерлері. Жолдастық кездесу болса да, волейболшылар жеңімпаз атануға тырысып бағуда. Мемлекеттік қызметшілердің дайындықтары – жақсы, сондықтан да кімнің жеңіске жететінін айту – қиын.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Мемлекеттік орган басшыларымен әр апта сайын сейсенбі, бейсенбі күндері кездесіп, футбол, волейбол, баскетбол ойындарын ойнаймыз. Дайындықтың арқасында жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Қарсыластарымыз жақсы болды, бірақ достық жеңді деп ойлаймын.

Жарыстың екі күні артта. Жартылай финалға шыққан спортшылардың есімдері белгілі бола бастады. Енді – «Ақ бидай» жазғы спорт мерекесінің салтанатты ашылуы. Алаңға жалауларын желбіретіп, қолдарына түрлі-түсті шар ұстаған аудан өкілдері шығып жатыр.

Әрбір құраманың сапында есімі барша теріскейліктерге жақсы таныс спортшылар бар. Олар кезінде дәл осындай додаларда көзге түскен. Ал, қазір өңірімізді ел және әлем біріншіліктерінде таныстыруып жүр. Бір сөзбен айтқанда, тарихы 1980-ші жылдан бастау алатын Ақ бидай талай спортшыға трамплин бола білді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Осындай спартакиадаларда ауылдағы жас таланттар, болашағы бар спортшылар байқалады. Топ жарып, үлкен аренаға жолдама алады. Бүгінгі спартакиададан облыс, ел атын шығаратын спортшылар шығады деген ойдамын.

Спорттық мерекенің ашылуына М.Жұмабаев ауданының тумасы, «Славян базары-2019» халықаралық байқауының гран-при иегері Әділхан Макин де ортақтасты. Ол әрдайым қолдау танытатын жерлестерін құттықтап, ән-шашу сыйлады.

Шара ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан тұрғындары мен қонақтары әндерді тыңдап, көңіл көтерді. Ал, ертең олар өз спортшыларына жанкүйерлік етпек.

– Мен осы Булаеводанмын. Ертең балаларымызбен келіп, сайыстарды көреміз.

– Көңіл-күйіміз жақсы. Өзіміз – М.Жұмабаев ауданының жанкүйеріміз.

15 спорт түрінің мықтылары әлі екі күн бойы сынға түседі. Жеңімпаздардың есімдері шілденің 20-сы белгілі болмақ.

 

Эльмира Садвокасова