Мәдениет

Жезтаңдай әнші елге оралды

Жақында жерлесіміз Әділхан Макин «Славян базары-2019»халықаралық байқауында гран-при иеленді. Осылайша отандық мегажұлдыз Димаш Құдайбергеновтың ерлігін қайталағаны баршаға аян. Бүгін талантты теріскейлік әнші елге оралды. Жеңімпазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, Құрмет грамотасын табыс етті.

Бұл – Әділхан Макин. Ол СҚО тумасы. 24 жастағы жерлесіміз жақында ғана “Славян базары” атты халықаралық байқауға қатысып, гран-при иегері атанды. Осылайша қазақ өнерін дүйім жұртқа паш етті. Көпшіліктің жүрегін жаулады. Бүгін жезтаңдай әнші кіндік қаны тамған Петропавлға келіп отыр. Дарынды ұлды жеңісімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құтықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Біздің облысымыздан талай дарынды жандар шыққан. Сол тұлғалардың жолын қуып, сенде жеңіске жеттің. Біз қуаныштымыз.

Құттықтау сөзден соң, аймақ басшысы Әділханға «Құрмет грамотасын» табыс етті.

Әншінің ұстазы да назарсыз қалмады. Білген-түйгенін үйретіп, жеңіске жетуге күш салған Янис Кайсиди облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Славян базары» – ірі халықаралық байқау. Оған жыл сайын 20-ға жуық елдің әншілері қатысады. Бұл додада қазақстандық өнерпаздар 2-ші мәрте гран-при еншілеп отыр. Осыдан 4 жыл бұрын қазіргі мегажұлдыз Димаш Құдайбергенов бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Енді, міне Димаштың ерлігін Әділхан қайталап, топ жарды. Бұл барша қазақ елі үшін үлкен қуаныш.

Әділхан Макин – «Славян базары-2019» халықаралық байқауының гран-при иегері:

– Мені қолдап жатқандарыңызға көп рақмет. 34 Бұл тек бастамасы, әлі талай жетістікке жетемін деген үміттемін. Алға қойған жоспарларым көп. Жаңа өлеңдер жазып клип түсірмекшімін.

Таланты жас осыған дейін де түрлі сайыстарға қатысып, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Мәселен, ол былтыр «Х-фактор» телевизиялық жобасының финалына жетті. Мұның бәрі төккен тердің, тынымсыз дайындықтың жемісі.

Янис Кайсиди – Әділхан Макиннің вокал бойынша ұстазы:

– Әділхан Макиннің дауысы ерекше. Ол кең вокалды диапазон иесі. Жоғары және төмен ноталы әндерді шеберлікпен орындай алады. Осы талантының арқасында әлі талай биік белестерді бағындыратынына сенімдімін.

Айта кетейік, Әділхан Макин жуырда жаңа туындысын жазып, өнерсүйер қауымға ұсынбақшы. Бірақ, қандай ән екені белгісіз. Оны әнші жігіт құпия қалдырды.

Маржан Касымбек