Қоғам

“Жас кәсіпкер” жобасы аясында 600 теріскейлік оқытылмақ

Жастарға арналған тың бағдарлама! Солтүстік Қазақстан облысында шілденің 22-нен «Жас кәсіпкер» оқыту жобасы бастау алмақ. Оның аясында теріскейлік белсенді қыз-жігіттер ақысыз бизнестің қыр-сырын меңгеретін болады. Қазір іс ашып, табыс табуға ниетті жандардан құжаттар қабылданып жатыр.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Оның аясында әр жыл сайын 100 мың азамат ақысыз оқымақ. Яғни, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар білім алып, бизнестің қыр-сырын меңгеретін болады.

Дархан Калиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Өңірде 22-ші шілдеден “Жас кәсіпкер” жобасы бастау алмақ. Оның мақсаты – жұмыссыз жүрген жастарды бизнеске баулу. Бағдарламаға 18-бен 29 жас аралығындағы жандар қатыса алады. Бұл іс бастап, табыс табуға тамаша мүмкіндік. Сондықтан жерлестеріміз пайдаланғандары жөн.

Оқыту басталар алдында, яғни шілденің 22-сі және 23-ші күндері өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары тестілеу өткізеді. Міне, соның қорытындысы бойынша Петропавл қаласы мен аудандарда оқу топтары құрылады.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Жобаға қатысушылар 15 күн бойы әдістемеден өтеді. Сол уақыттың ішінде бизнес-тренерлермен өз жобасын жазады. Ары қарай оны қорғап, сертификат ала алады. Қолдарына сертификат тигеннен кейін 200 АЕК мөлшеріндегі грантқа қатыса алады. Бұл грант жастарға өз ісін ашуға көмектеседі.

Иә, жастарға мемлекеттен грант беріледі. Сонымен қатар, кредиттер мен микрокредиттер қарастырылған. Мысалы, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 8000 АЕК көлемінде 6 пайызбен жеңілдетілген несие рәсімделеді. Бұл кәсіп ашып, дөңгелетуге зор көмек болмақ. Негізі, “Жас кәсіпкер” “Бастау Бизнес” жобасына ұқсас. Мұнда да тәлім алушылар білікті мамандардың нұсқауымен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді.

Арсен Оразалинов, “Жас кәсіпкер” жобасының бизнес-тренері:

– Біз жастарға бизнесті жоспарлау негіздерін, маркетингті, көшбасшылық қасиетерді үйретеміз. Оның барлығы кәсіпкердің бойынан табылуы тиіс. Тағы, клиенттермен байланыс орнатуды түсіндіреміз. Жалпы, тың жоба аясында кәсіп бастауға ниетті жандарға сапалы білім беріледі.

Жалпы, жыл соңына дейін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 600 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланып отыр.

Бердімұрат Баймұқан