Қоғам

Қыстың қамын жаз ойла

Қыркүйекке қарай ұзын-сонар кезекте тұрмас үшін теріскейліктер қысқа қамдануды бастады. Бүгінде өңірге жеткізілген көмірдің 38 мың тоннасы саудаланды. Тағы соншасы темір жол тұйықтарына әкелінген. Жалпы, теріскейліктерге алдағы жылыту маусымына 385 мың тонна қара отын қажет.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Күнтізбеде шілденің 18-ші жұлдызы. Ал, теріскейліктер болса қысқа қамдануды бастап кеткен. Өңірдегі тұйықтарға дамыл жоқ. Мұнда көмірдің алғашқы легі әкелінуде. Мамандардың сөзінше, қара отынға қатысты қарбалас биыл орын алмауы тиіс.

Бұл – Жұмысшы кентінде орналасқан теміржол тұйығы. «Жан» жеке кәсіпкерлігі мұнда тек шұбаркөл көмірін әкеледі екен. Сапалы әрі жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, маусым басталғаннан бері қара отынның 6 мың тоннасы саудаланыпты. Қазір қоймада тағы 4 мыңдайы бар. Оған қоса 20 жүк вагоны тұр. Ондағы көмірді түсіру қажет.

Мұратхан Тұрмұхамбетов – «Жан» ЖК менеджері:

– Бағасы – 14 мың теңге тұрады. Осы кезден сатып ала бастаса, қарбалас болмайды. Қыркүйекте барлығы бірге келеді. Кезек құрылады. Былтырғы маусымда 50 мың тонна шұбаркөл көмірін саттық.

Алдыңғы жылдары жылыту маусымына деген даярлықты тұрғындар кеш бастаған болатын. Яғни, жерлестеріміздің көпшілігі салқын күндер жақындаған сәтте ғана іске кірісті. Салдарынан көмірдің жетіспеушілігі орын алды. Ол кезде бір тәулікте тұйықтардан қалалықтар 700 тоннадан аса қара отынды әкеткен екен. Мұндай қателікті жібермес үшін биыл солтүстікқазақстандықтар қысқы әзірліктерін уақытылы жүргізбек ниетте.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Халықтың көмірге деген қажеттілігі 385 мың тоннаны құрайды. Оның 10 пайызы бүгін дайын. Тағы 38 мың тонна қорда бар.

Қара отынның бағасында өсім байқалмайды. Құны тек көмірдің түріне байланысты. Мәселен, екібастұз бен майқұба 8500 және 9 жарым мыңнан басталса, сапасы жоғары деп саналатын қаражара мен шұбаркөлдің тоннасы 12700, 13 мың теңгеге сатылады.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Бюджеттік ұйымдардың көмірге деген қажеттілігі 147 мың тоннаны құрайды. Келісім-шарттар толығы жасалған. Олардың 72 пайызы бүгінде темір жол станцияларына әкелінді.

Айта кету қажет, көмір тасымалымен өңірде 16 кәсіпкер айналысады.

Эльмира Сәдуақасова