Қоғам

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды

Елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

Оның құрамына 40-тан аса адам кірді. Олардың қатарында танымал саясаттанушылар, депутаттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері бар. Кеңесті мемлекет басшысы өзі басқармақ. Жаңадан жасақталған топтың басты мақсаты – халықпен тығыз байланыс орнату. Яғни, қоғамдағы өзекті деген проблемаларды анықтап, бір жақты ету. Осылайша тұрғындардың тұрмысын жақсарту. Айта кетейік, кеңестің алғашқы отырысы тамыз айында өтеді. Жиында біраз өзекті мәселені көтеру және оларды жыл соңына дейін шешу жоспарланған. Жерлестеріміз кеңестің құрылғанын қолдап, оң пікірлерін білдіріп жатыр.

Роксана Орынбасарова – СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығы жастар бастамалары бөлімінің басшысы:

– Жастар Президентіміздің барлық бастамасын қолдайды. Негізі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылып жатқаны өте дұрыс. Себебі, осы кеңеске өскелең ұрпақ өздерінің ой-пікірлерін ашық айтып жеткізетін болады.

Сәуле Сүлейменова – “СҚО Азаматтық Альянсы” Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы:

– Біз демократиялық елміз. Сол себепті осы кеңестен зор үміт күтеміз. Өз басым халық пен билік біртұтас болуы керек деп ойлаймын. Сонда атқарушы органдар өзекті мәселелерді назарға алып, шешетін болады.

Дана  Ешкенова