Құқық қорғау органдары

“Нелегал” жедел алдын-алу шарасы

Жыл басынан бері теріскейлік тәртіп сақшылары “Нелегал” жедел алдын-алу шарасы аясында өңірімізде заңсыз жүрген 1217 шетелдікті анықтапты. Азаматтардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 51-і Қазақстан аумағынан шығарылыпты. Қазір полиция қызметкерлері республикаға заңсыз келген өзге ел азаматтарын анықтауды күшейткен.

“Нелегал” жедел алдын-алу шарасы аясында тәртіп сақшылары Қазақстан аумағына, оның ішінде өлкемізге келген шетелдіктерді тексеріп, заңбұзушылықтарды анықтайды. Алғашқы күннің өзінде полиция қызметкерлері 128 өзге мемлекет азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың барлығы елімізде болу талаптарын бұзған екен.

Сәбит Жүсіпов – СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы:

– Нелегал республикалық жедел алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізілуде. Басты мақсаттары мен міндетері көші-қон заңнамасының бұзушылықтарын және заңсыз келген шетелдіктерді анықтау болып табылады. Осы іс-шараға байланысты көші-қон қызметкерлерімен әкімшілік құқықты бұзған 1988 жылы туған Өзбекстан республикасының азаматы заңсыз ҚР шекарасының пунтін айналып өткендігі анықталып отыр. Бұл азамат бұрын сот шешімімен ҚР аумағынан шығарылған болатын.

Тергеп-тексеру кезінде шетелдік заңбұзушының Петропавлға оңтүстіктен жуырда ғана келгені анықталды. Бұл азамат 2016-шы жылы елімізден депортацияланыпты. Бірақ, соған қарамастан Қазақстанға қайтып келіп, екі қолға бір күрек таппақ болыпты.

Факті бойынша ҚР ҚК 392 «Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» бабына сәйкес тергеу басталды. Енді азамат ел аумағынан шығарылуы мүмкін. Жыл басынан бері облыстық көші-қон қызметі басқармасының мамандарымен болу тәртібін бұзған 1217 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 51-і елден қуылса, 9-на қатысты іс – азаматтық сотта қарастырып жатыр. Сондай-ақ, жұмыс күшін өзге республикалардан заңсыз қабылдаған 56 қызмет ұсынушы жандарға 9 миллион 700 мыңнан теңгеден аса айыппұл салынды. Ақша 100% өндіріліп алынған. «Нелегал» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі шілденің 19-на дейін жалғасады.

Маржан Касымбек