Денсаулық сақтау

Алғаш рет асқазанның шунттік отасы жасалды

Қант диабеті, бедеулік, қатерлі ісік және бауырдағы ақаулар. Бұл аурудардың барлығы артық салмақ әсерінен пайда болады. Сондықтан семіздіктен арылу қажет. Ол үшін асқазанның шунттік отасы жасалады. Петропавлда мұндай операция алғаш рет 2 күннің ішінде 6 адамға істелді.

39 жастағы Бағила Премжарова 2016 жылдан бері артық салмақпен күресіп келеді. Себебі, нәзікжанды үшінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін толи бастапты. Салмағын азайту үшін түрлі диеталарды ұстанған. Бірақ, одан ешқандай нәтиже болмапты. Бұдан соң, ол дәрігерлерге жолығып, мәселені жеткізеді. Мамандар әйелге ота жасап қана көмектесе алатындықтарын айтады. Бұған азаматша келісіп, арнайы порталға тұрады. Міне, 2 айдан соң кезегі келіп, операция істелді. Оны қаламызда елордалық хирург жасады.

Бағила Премжарова – Алматы қаласының тұрғыны:

– Қазіргі таңда жағдайым жақсы. Енді алдағы уақытта диета ұстаймын. Кейін барлық адамдар сияқты 5 мезгіл тамақтана аламын.

Ал, Алена Вейсалидзе болса елордалық маманға сонау Шымкенттен көмек сұрап келіпті. Азаматша 12 жылдан бері бала көтере алмай жүр екен. Нәзік жанды перзент сүю үшін бұрындары түрлі гормоналды препараттарды ішіпті. Бірақ, олардан ешқандай пайда болмаған. Керісінше кері әсер етіпті. Мысалы, дәрі-дәрмектен Алена Вейсалидзе артық салмақ жинайды.

Алена Вейсалидзе – Шымкент қаласының тұрғыны:

– Бұл ота жайлы жақын құрбымнан естігенмін. Бірақ, басында қорқыныш сезімі болды. Дегенмен барлық күшімді жинап операция жасатамын деген шешімге келдім. Еш өкінбеймін. Ота мен үшін өте маңызды. Осыдан кейін артық салмақтан арыламын деп ойлаймын. Әрі, бала көтеруге мүмкіндігім артпақ.

Жалпы, бұл ота лапароскопиялық жолмен жасалады. Яғни, денеге пышақ тимейді. Операция пациенттің асқазанын кішірейтеді. Міне, осыдан кейін адам бір айдың ішінде 3-8, кейде 10-нан 15 киллограмға дейін салмақ тастай алады. Ал 3-4 айда 30-35 келіден арылады. Тағы, заманауи отадан соң, емделуші жандар тез қалпына келеді. Мәселен, 3-4 күннен кейін ауруханадан үйне жіберіледі.

Орал Оспанов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, “Қазақстандық бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамының” президенті, Нұр-сұлтан қаласы:

– Екі күннің ішінде 6 ота жасалды. Барлығы ойдағыдай өтті. Пациенттердің жағдайлары жақсы. Негізі, Петропавлда асқазанға шунттік отаны алғаш рет істедім. Бұл жерде осындай операцияны жасауға мүмкіндік бар екен. Сол қуантады. Енді, менің тәжірибемді теріскейлік хирургтер де пайдаланып, тұрғындарға көмек көрсете алады.

Осы орайда ресми мәліметке кезек берейік. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 25 пайызында артық салмақ бар екен. Ондай жандардың көбісі қант диабетіне, демікпе мен бедеулікке шалдыққан. Тағы, бауарлары дұрыс жұмыс істемейді. “Семіздік мәселесі бүкіл әлемде өзекті”-, дейді медицина ғылымдарының докторы Орал Оспанов.

Орал Оспанов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, “Қазақстандық бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамының” президенті, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Негізі бұл операциялар өте күрделі. Дегенмен артық салмақтан арылу үшін дәрігерлер адамдарға хирургиялық жолды ұсынады. Менің ойымша отаның 99% жақсы нәтиже береді. Осының арқасында пациенттердің денсаулығы жақсарады және өмірге деген көз қарасы өзгереді.

Айта кетейік, қаламыздағы операциялардың барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жасалды. Ал, жалпы мұндай ота Қазақстанда 1 млн 300 мың теңгеге дейін жететін көрінеді.

Ешкенова Дана