Қоғам

Өңірге итальяндық саяхатшы келді

Турин-Алматы-Петропавл! Өңірге Итальяндық саяхатшы Ецио ВибЕрти келді. Ол теріскейге оңтүстік астанамыздан ұшақ, поезд, машинамен емес, кәдімді велосипедпен жеткен. Азамат жолға 20 күн уақыт жұмсапты. Солтүстік Қазақстан облысында мейманды тұрғындар құшақ жая қарсы алған. Оны асқа шақырып, жатын орын ұсынған екен.

70 жастағы Ецио Виберти Турин қаласынан Алматыға ұшақпен ұшып келіпті. Кейін, оңтүстік астанамыздан теріскейге дейін велосипед арқылы жеткен. Саяхатшы Петропавлда 4 күн жүр. Мейман осы уақыт ішінде қаламыздағы мәдени нысандарды аралап, өңір тарихымен танысып үлгеріпті.

Ецио Виберти – Турин қаласының тұрғыны, Италия:

– Менің саяхатымның басты мақсаты – еркіндік. Маған әр ел мен қаланың тарихы, архитектурасы қызықты. Сондықтан жыл сайын жолға шығып, сапар жасаймын. Петропавлға Алматыдан велосипедпен келдім. 20 күн жүрдім. Өзім бір күннің ішінде 170-180 км. еңсеремін. Әрине барлығы ауа-райына байланысты. Егер де жаңбыр жауса немесе жел тұрса бұл қашықтықтың тек жартысын ғана бағындырамын. Жолда қауіпті жағдайлар да орын алады. Көбінесе камаз жүргізушілері дабылдатып, трассаның шетіне шығарып жібереді. Мұның бәріне үйреніп кеткем.

Кей-кезде саяхатшы жолда тоқтап, тынығып алады. Ондай кезде азамат кемпингтерді пайдаланады. Бірақ, Қазақстан мен Ресейде жазғы шатырлар аса қолданылмайды. Сондықтан Ецио Виберти
қонақ үйлерге аялдайды екен.

Жалпы, Ецио Виберти жер шарын аралауды 1970-ші жылдары зайыбы екеуі бастапты. Содан бері жұбайлар Ауғанстан, Өзбекстан, Үндістан, Эфиопияға барған екен. Тағы, күллі Еуропаның елдеріне саяхат жасаған. Меймандарды барлық жерде ыстық ықыласпен қарсы алады екен. Қазақстандықтар да алыстан келген қонақты құрметпен күтіп алыпты. Олардың бірі асқа шақырса, екіншісі жатын орын ұсынған. Саяхатшы ұлттық тағамдарымызға жоғары бағасын беріп отыр.

Ецио Виберти – Турин қаласының тұрғыны, Италия:

– Мен қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – бесбармақты жеп көрдім. Өте дәмді. Байқағаным қазақтар етті көп тұтынады. Біздің жақта олай емес. Етті аз жейміз. Мұндағы тұрғындар өте сыпайы. Көмектескісі келіп тұрады. Өкініштісі көп жағдайда бір-бірімізді түсінбей жатамыз. Себебі, мен тек итальянша сөйлеймін.

Саяхатшы Петропавлда шілденің 18-не дейін болмақ. Кейін, Мәскеуге аттанады. Азамат Ресейдің астанасына өзінің қос дөңгелекті көлігімен жетуді жоспарлап отыр. Ол жақтан Туринге ұшады. Қарт келесі жылы да саяхат жасамақшы. Ецио Виберти 2020-да Қытайға келіп, Пекинді көруді қалайды.

Дана Сәлімқызы