Балалар

Еңбекқор оқушылар

Гүл өсіру, өсімдіктерді суарып, арамшөп жұлу! Бұл қаламыздағы №21 орта мектеп оқушыларының міндеті. Олар жазғы демалыстарында жұмыс істеп, оқу ошақтарының маңын көркейтуге ат салысып жүр. Бақшадағы іске 200-ге жуық ұл-қыз тартылыпты.

Шәкірттер жұмысты бастамас бұрын ең алдымен жаттығу жасайды. Бұл – балалардың денелерін қыздырып, бой сергітулеріне көмектеседі. Кейін олар қолдарына қажет құралдарды алып, іске кіріседі. Жалпы күн сайын бақшада 30-ға жуық жас еңбектенеді. Олардың арасында Ажар Төлеген де бар. Оқушы қыз гүл өсіргенді жақсы көреді екен. Сондықтан жылда акцияға қатысады.

Ажар Төлеген – №21 орта мектебінің оқушысы:

Мен мектептің көркеюіне үлес қосқанды ұнатамын. Мұнда достарымызбен уақытты тиімді өткіземіз. Қолым босаған кезде мектепке келгенді ұнатамын. Біз осында гүлдерге су құйып, өсіп кеткен шөптерді жұламыз.

Негізі оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс істейді. Қыздар жағы гүлдерді күтеді, арамшөп жұлады, топырақты қопсытады. Ал, ұлдар болса өсімдіктерді суарады. Мұндағы жұмыс шамамен 1 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде шәкірттер жұмыла еңбек етіп, бақшаның көркеюіне үлес қосады.

Наиль Салимов – №21 орта мектебінің директоры:

–  Барлық оқушы мектебінің маңында орналасқан бақшаның гүлденіп тұрғанын қалайды. Біздің ұл-қыздар да солай. Олар қазір жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, маңайды құлпыртып жатыр. Мұндай шараның маңызы зор деп білемін. Себебі, жастар акцияға қатысу арқылы, жұмыс істеуге деген құлшыныстарын әрмен қарай арттырады. Балалардың қауіпсіздігін мұғалімдер бақылайды. Жаңа оқу жылы басталған кезде бақшада тер төккен шәкірттерді марапаттайтын боламыз.

Жалпы, №21 орта мектептің бақшасындағы шаруа тамыздың соңында аяқталмақ. Оған дейін 7 лектен тұратын балалар еңбек етпек. Яғни, 200-ге жуық ұл-қыз жұмыс істемек.

Маржан Қасымбек