МТРА жаңалықтары

Балалардың шетелге шығу талаптары

16 жасқа толмаған ұл-қыздармен шетелге шығамын деген тұрғындардың құлағына алтын сырға! Елімізде қазір бала туғаннан бастап паспорт жасалады. Бірақ, төл құжатқа бүлдіршіннің фотосын жапсырып, шекара асуға да болады. Алайда, алдағы уақытта сурет арқылы қатынауға шектеу қойылуы мүмкін. Себебе, бүгінде бұған қатысты заңнама жасалып жатыр.

Петропавлдан туристердің сүйікті мекені – Мысырдың Шарм эш Шейх курортына тура рейс ашылғаннан кейін, теңіз жағасына аттанып, тынығатындардың қатары еселеп артыпты. Бірақ, іс жолдама және ұшақ билетін алумен аяқталмайды. Бір апта немесе 10 күн демалу үшін құжаттарды да рәсімдеу қажет. Онсыз шетел асу мүмкін емес. Сондықтан, жыл басынан бері 8 мыңнан аса теріскейлік паспорт алыпты. Ол 15 күннің ішінде дайындалады екен.

Динара Айтқожина – СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Паспорттың құны – 20 200 теңге. Оның дайындалуын тездетуге болады. Қызмет құнының үстінен тағы қосымша ақы төленеді. Мәселен, тұрғындар құжаттың 3 жұмыс күнінен кейін әзір болғанын қаласа, 4983 теңгеге шығындалулары тиіс. 5 күн үшін – 2752, ал 7 күнге – 1116 теңге төлеу керек. Паспортты рәсімдеймін деген тұрғындар мекен жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына жүгінулері қажет.

Қазіргі таңда елімізде төл құжатты туғаннан бастап рәсімдеуге болады. Міндетті түрде емес, әрине. Егер бүлдіршіндері дүниеге келгеннен кейін бірден шетелге шығамын дегендер болса, туу туралы куәліктен соң, паспортты да ала алады. Құжат 10 жылға өзге мемлекеттерге баруға рұқсат береді. Ал, бұған уақыт жұмсағылары келмейтіндер болса, 16 жасқа толмаған балаларының фотосын өз паспортына жапсырып, қатынай алады. “Алайда, бұлай алысқа бармайсыздар”- дейді турагенттік өкілдері.

Наталья Хроменко – туристік агенттіктің директоры:

– Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап шет мемлекеттер бүлдіршіндердің жеке төл құжаттары болғандарын талап етеді. Яғни, ата-ананың паспортына фото жапсыру күшін жойды. Тіпті, Түркия, Мысыр, Бірікке Араб Әмірлігі сынды туристер арасында танымал елдердің өздеріне міндетті түрде құжат қажет.

Осы орайда айта кеткен жөн, паспортсыз тек жақын шетелдің бірнеше еліне ғана есік ашық. Қатарында Ресей Федерациясы да бар. Соның өзінде көрші мемлекеттің барлық қалаларға емес. Шекаралас жатқан Түмен, Қорған, Омбыға туу туралы куәлікпен қатынауға мүмкіндік әлі бар.

Эльмира Садвокасова