Қоғам

Қайырымдылық аукционы өтті

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Сенбі күні Петропавлда «Игі істер марафоны» атты қайырымдылық аукционы өтті. Шарапаты мол шара қаламыздың 267 жылдығына арналған. Оған жергілікті өнерпаздар мен жомарт жандар қатысып, ауыр дертке шалдыққан Вероника Шилованың еміне қаржы жинады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында – қарбалас. Жиналған жұрт теріскейлік оқушылар салған суреттерді тамашалауда. Бұл көздің жауын алатын туындылар саудаланбақ.

Анна Дмитриева, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқытушысы:

– Қайырымдылық акциясына 10 мен 16 жас аралығындағы біздің оқушыларымыз қатысуда. Шәкірттеріміз іс-шараға өздерінің картиналарын алып келді. Туындылар майлы бояумен және графикалық әдісте салынған. Суреттердің басым көпшілігінде теріскейдің тамаша табиғаты бейнеленген.

Ал мына жерде аукцион өтуде. Оған қала тұрғындары, қалталы азаматтар мен шаһар басшысы да қатысуда. Жас қылқалам шеберлерінің қиялынан туған жұмыстардың бастапқы бағасы 3 мың теңгені құрайды. Алайда, бұл сомма аукцион кезінде өсті. Сөйтіп, ең арзан картина 21, қымбаты 110 мыңға саудаланды. Шараға кәсіпкер Армен Искандарьян да белсенді қатысып, 3 бірдей туындыны сатып алды.

Армен Искандарьян, кәсіпкер:

–  Шарапаты мол шараларды көптеп өткізіп тұрған жақсы деп ойлаймын. Өйткені, мұнда жиналған қаражат науқас адамдардың өмірін құтқаруға жұмсалады. Өзім осындай қайырымдылық аукциондарына белсене араласамын. Бүгін 3 картина сатып алдым. Барлығы тамаша, алыстан көз тартады. Енді, бұл туындыларды жұмыс орным мен үйіме іліп қоямын. Жас дарындардың істеріне сәттілік тілеймін.

Айта кетейік, аукционда шамамен 1 миллионға жуық қаражат жиналды. Ақша науқас Вероника Шилованың еміне жұмсалады. 8 жастағы жерлесіміз бас миының ісігіне шалдыққан.

Баймұқан Бердімұрат