МТРА жаңалықтары

Петропавлда халықаралық этно-фольклорлық фестиваль өтті

“Шексіз ән”. Осындай атаумен бүгін орталық алаңда халықаралық этно-фольклорлық фестиваль өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған шараға жергілікті және Түмен облысынан келген 7 өнер ұжымы қатысты.

Орталық алаңда әндер фестивалі басталып кетті. Шараның шымылдығын Түмен облысынан келген қонақтар ашты. «Водограй» деп аталатын топ бүгінгі шараға тек украин тілінде ғана емес казактардың орындауындағы туындыларды дайындап келген. Өңірге алғаш ат басын бұрған ұжым қазақ халқының мәдениетімен танысқысы келеді.

Елена Скрипник, «Түмен облысының украиндары» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры, РФ:

– Қазақстанға алғаш келіп тұрмыз, бізге ұнады. Ауа райы да, халықтың қонақжайлығы да қуантуда. Негізі, бүгінгі шараға украин, орыс және казак тілдерінде әндер әзірлеп әкелдік. Сонымен қатар, жеке орындаулар да болады.

Келесі болып сахнада өңіріміздің аудандарынан келген ұжымдар өнер көрсетті. Олар тамаша туындылар орындап, тұрғындардың көңілдерін бір марқайтып тастады.

Ал Аққайың ауданынан келген ұжым бүгінгі шараға украин тілінде ән дайындап келген. “Мрия” деп аталатын топ бұл фестивальге алғаш қатысып отырған жоқ.

Ирина Служинская, «Мрия» тобының мүшесі, Аққайың ауданы:

– Фестивальге осымен екінші жыл қатарынан қатысып жатырмыз. Бүгінгі шарада украин тілінде өнер көрсеттік. Барша қала тұрғындарын шаһардың туған күнімен құттықтаймыз.

Осымен 4-ші жыл қатарынан өткен шараның / халықаралық фестиваль деңгейіне көтерілуне 2 жыл болды дейді ұйымдастырушылар. Жалпы, бүгінгі мерекеге 7 ұжым 18 музыкалық туынды дайындап келіпті.

Актолкын Солтанханкызы