МТРА жаңалықтары

Мәжілісмендер қоғамдық қабылдау өткізді

Өңірге жұмыс сапарымен бір топ мәжіліс депутаты келді. Халық қалаулылары шілденің 9-ынан бастап бірнеше елді мекенді аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысқан. Ал кешегі күні олар қоғамдық қабылдау өткізді. Мәжілісмендерге 6 солтүстікқазақстандық жолығып, өздерін толғандырған сұрақтарын жеткізді.

Жібек Сейітова – Петропавл қаласының тұрғыны. Қоғамдық қабылдауға қызының базынасын арқалап келіпті.

Жібек Сейітова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бес жыл болды күйеу баламның қайтқанына. Баласының үлкені сол кезде 5 жаста, кішісі 7 айында қалды. Қызым қазір жарты ставкаға жұмыс істейді. Кешкі оқуы бар медколледжде. Ақылы түрде оқиды. Балаларға алатын пенсиясы – 42 мың.

Екі бірдей мектеп жасындағы баланы керек-жарақпен қамту оңай шаруа емес дейді нәзікжанды. Көмек сұрап ол бүгін мәжілісмендерге келіпті. Халық қалаулылары қол ұшын созатындықтарын жеткізді. Бұл ретте оқу жылына қарай «Нұр Отан» партиясы әрдайым «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырады. Шарадан Жібек Сейітованың немерелері де тыс қалмайтын болды.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мектепке барар сөмкесін, қаламын, дәптерін алып береді. Екінші мәселе – мектепке барғаннан кейін білім ошағы тарапынан да көмек болады.

Мектеп тарапынан көрсетілетін көмекті алу үшін міндетті түрде білім ошағының басшылығына бару қажет. Өтініш жазып, құжаттарды көрсеткеннен кейін оқушылар арнайы тізімге енгізіледі екен. Әлеуметтік саланың сұрақтары әрдайым көкейкесті. Қоғамдық қабылдауға келгендердің де дені соның төңірегіндегі сауалдарын жеткізуде. Жамбылдық Александр Фролов ҰОС қатысушыларына арнап ескерткіш тұрғызуды жоспарлауда. Бір гәп – тізімді аудандық военкомат бекітпей отыр. Бастамасы – құптарлық. Яғни, көмек те болады.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біздің атымызға мәселенің мән жайы толық баяндалатын өтініш жазыңыздар. Бұл хатты облыс әкіміне жолдаймыз. Құмар Ақсақалов өз кезегінде Жамбыд ауданының басшысына тапсырмасын береді. Тізімді жуық арада нақтылап, бекітеді деген ойдамыз.

Шарада тағы бір өзекті мәселе көтерілді – жатақхана жайлы. Бірақ, қала тұрғыны балама студенттер үйінде орын жоқ деп емес, баспанамдағы бос бөлмелерді ұл-қыздарға жалға берсем деген ниетін білдірді. Әрине, заңды түрде.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл кісінің үйінде артық аумақ бар. Соны студенттерге заңды түрде тапсырмақшы. 12 адамды қабылдай аламын дейді. Енді оны заңдастыру қажет.

Еуропа елдері мен Америкада бұл тәжірибе – кең қолданыста. Біздің мемлекетте де енгізген артық етпейді деген ойда мәжілісмендер.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бүгінгі таңда көпшілік ЖОО бірінші курс студенттерін ғана қамтамасыз етеді. Кейін олар пәтер іздейді. Ол да бір қиындыққа әкеп соқтырады. Кейбірінің оған мұршалары бар, кейбірінікі жоқ. 1Соны енді біз Білім және Ғылым министрлігімен бірлесіп қарастыратын боламыз.

Мәжіліс депутаттарының өңірдегі жұмыс сапары шілденің 18-іне дейін жалғаспақ. Халық қалаулылары қазір аудандарды да аралап, жұртшылықтың базынасын тыңдауда.

Эльмира Садвокасова