Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Ауғанстанның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі келді

Бүгін өңірімізге Ауғанстан Ислам Республикасының  ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Фархат Мухаммад келді. Мейман облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен жүздесті. Кездесуде сауда-саттықты дамыту жайы сөз болды. Нақтырақ айтар болсақ, жиналғандар аққайындар өлкесінен Ауғанстанға бидай экспорттау жайын талқылады. Мәселен, биыл біздің облыстан ауған еліне 13 млн долларға 10 мың тонна өнім жіберіліпті.

Бұл – Ауғанстан елшісінің біздің өңірге алғаш келуі. Сол себепті, құрметті мейманды қабылдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов ең алдымен қонақтарға астықты өлкемізді таныстырып өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облысымыз – еліміздегі ең үлкен астықты аймақ. Негізгі, өңірімізде егістік жердің 80%-ын алып жатыр. Жақында ғана 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын шығардық. Былтырғы жылмен салыстырғанда инвестиция 14% өсті. Сыртқы инвестициялар 54%-ға және жеке инвестициялар 33%-ға жуық ұлғайған. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру – 2,2%-ға, өнеркәсіп 3,6%-ға өсті.

Жалпы, республика бойынша астықтың үштен бірі СҚО-да өсіріледі. Оған қоса, жергілікті диқандар жерді әртараптандырумен белсенді айналысады. Қазір өңірде 1 млн га майлы дақылдар және 2 млн га дәнді дақылдар егілген. Әсіресе, соңғы аталған дақылға Ауғанстан ерекше қызығушылық танытуда.

Фархат Мухаммад – Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстан бұрыннан ынтымақтастық орнатқан. Жұмыс сапары барысында біз жергілікті аграрийлермен және бизнесмендермен кездесіп, жаңа серіктес табуға ниеттіміз. Негізі, біздің ел сіздерден үлкен көлемде астық импорттауды жоспарлап отырмыз. Мәселен, бізге жыл сайын 1 млн 600 мың тонна астық қажет.

Жалпы, республикалар арасындағы тауар айналымы 500 млн долларды құрайды екен. Еліміз Ауғанстанға астықтың 28%-ын экспорттайтын көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Негізі, экспортталатын астықтың көлемін ұлғайтуға біз дайынбыз. Ең бастысы, Солтүстік Қазақстан мен Ауғанстан арасында ары қарай ынтымақтастық қалай өрбиді? Соны анықтап алу керек. Сол себепті, екі ел арасында өнімді кепілді тасымалдап тұратын компанияларды белгілеу қажет.

Тағы, кездесуге Ауғанстан кәсіпкерлерімен бұрыннан тығыз жұмыс істеп келе жатқан жергілікті іскер азаматтар қатысты. Мәселен, Тимирязев ауданындағы серіктестігінің басшысы Иса Аллахяров ауғандық нарықтың тынысын жақсы біледі. Ол меморандум екі жақтың дамуына да жаңа серпін беріп, астық тасымалдауда туындайтын мәселелерді шешуге ықпал жасайтынын айтты.

Иса Аллахяров – «КЭСС» ЖШС бас директоры, Тимирязев ауданы:

– Кейде біздің вагондар сіздерде көп уақыт тұрып қалады. Мәселен, мен үш ай бойы ұнды экспорттай алмай отырдым. Осыған назар аударсаңыздар. Вагон ішіндегі жүкті уақытында түсіріп отыру қажет.

Бұл мәселені шетелдік әріптестер шешуге уәде берді. Өз кезегінде Ауғанстан өкілдері өңірге экологиялық таза және сапалы өнім ұсынды.

Рамин Мансури – Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің арнайы көмекшісі:

– Экспортталатын өнім ретінде сіздерге жаңғақ, кептірілген жеміс, мәрмәр және асыл тастар мен жібек ұсынамыз. Сонымен қатар, әуе қатынасы арқылы біз сіздердің өңірлеріңізге жеміс-жидектер мен көкөністерді америкалық бағдарлама аясында тегін жеткізіп тұра аламыз.

Бұл ұсынысқа өңір басшысы өз қызығушылығын білдірді. Себебі, қыс мезгілінде өңірде саудаланатын жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы қымбат.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өңірде қыс аязды келеді. Сондықтан, өзге аймақтардан тауар әкелу қиындай түседі, сәйкесінше бағасы да көтеріңкі. Бұндай проблема Ресейдің көршілес өңірлерінде де бар. Табиғи таза жеміс-жидекті сол жаққа да жеткізуге болады.

Осы орайда алдағы уақытта екі жақ сауда-саттық айналымын одан әрі нығайта түсуді көздеп отыр. Екі тарап арасындағы ынтымақтастықтың қалай өрбитіні меморандум жасалып, қол қойылғаннан кейін белгілі болады. Ол үшін шетелдік серіктестер Құмар Ақсақалов пен жергілікті бизнесмендерді тамыз айының басында Алматы қаласында өтетін бизнес-конференцияға шақырды.

Дана  Ешкенова