Ауа райы

Ауа температурасы көтеріледі

Солтүстік Қазақстанға асыға күткен ыстық келді. Күндіз өңірдегі ауа температурасы 30-32 градусты құрайды. Мұндай күндер әлі де болмақ. Синоптик мамандар шілденің 13-ші және 14 жылдызында сынап бағанасы 36-ға дейін жетеді деп отыр. Сондықтан, сақтық ережелерін ұстануға кеңес береді.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Күн шыжып тұр. Мұндай ауа райында ашық аспан астында жүру мүмкін емес. Басыңнан ыстық өтеді. Демалу да қиын. Осындайда тек қана үйде отыру керек немесе көлеңкеде тұрған абзал. Оның өзінде қолыңда сусының немесе балмұздақ болғаны жөн.

Балмұздақты жегеннің өзінде ауыздың дәмін алғанмен, адам сусайды.
Сағат кешкі алты. Әдетте бұл уақытта күннің ыстығы қайтатын. Ал бүгін шыжып тұр. Ауа температурасы +31 градусты құрайды. Оның үстіне қапырық. Сондықтан болар, Қазақстан Конституциясы көшесі бойында адам саны аз.

Сөйтсек, тұрғындардың біразы жағажайға кетіпті. Олар мұнда волейбол, футбол ойнап, уақыттарын тиімді өткізуде. Ал кейбір жандар күн сәулесіне қыздырынып, шуақтап жатыр. Басым бөлігі шомылуда. Әсіресе, жастар жағы көлге түсіп жүр.

–  Досыммен бір сағат бұрын келдік. Шомылдық. Су жылы.

– Су жылы. Жағажайға ата-анам және достарыммен келемін. Ойындар ойнаймыз, демаламыз.

Пестрое көлінің жағасындаТатьяна Соловьева есімді азаматшаны кездестірдік. Ол мұнда құрбылары және бала-шағасымен келіпті. Нәзікжанды бүгінгідей ми қайнатар ыстықтан суға түсіп қана қорғануға болады дейді.

Татьяна Соловьева – қала тұрғыны:

–  Күн ыстық. Су жып-жылы. Мұндай ауа райында тек көлге түсу қажет. Өйткені, үйдің ішінде қапырық. Далада да солай. Жүре алмайсың. Тек, осылай демалып қана ыстықтан қорғануға болады деп ойлаймын.

Жағажайда сақтық шараларын міндетті түрде ескерген жөн. Тынығуға келген әрбір жан күннен қорғануға арналған кремді қолдануы қажет. Басқа қалпақ киім, жиі сусын ішкені жөн. Әсіресе, бұл қағиданы шілденің 13-ші және 14-ші жұлдызында міндетті түрде ұстану керек. Себебі, бұл күндері сынап бағанасы 36 градусқа дейін көтерілмек.

Байболат  Култанов