МТРА жаңалықтары

Қаланың бас жоспары жасалуда

Петропавлдың бас жоспары әзірленуде. Жыл соңына дейін жоба дайын болуы тиіс. Әрбір ықшам ауданда жүргізілетін жұмыстар облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Шараға құрылыс саласына жауапты тұлғалар мен мердігерлер де қатысып, жоспарларымен бөлісті.

Көпқабатты үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен ойын-сауық орталықтары. Соңғы жылдары Петропавлда құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Алғашқы жартыжылдыққа бекітілген жоспарды да асыра орындаппыз. Бастысы бір орында тұрып қалмай, шаруаны жалғастыру қажет. Бірақ, бұл ретте жақсы ойластырылған, заман талабына жауап беретін жобалар керек. Жиында дәл осы мәселе қарастырылмақ. Нұрбек Аужанов отырысқа арнайы Алматы қаласынан келіпті. «Градкомплекс» серіктестігінің директоры еліміздегі әрбір облыс және шаһарлармен жақсы таныс. Инфрақұрылымын, дамуын жіті зерттеген. Айтуынша, теріскейдің төріндегі қаланың әлеуеті зор. Бос орындар көп. Петропавлдың сыртында ғана емес, орталығында да жетіп жатыр. Бейберекет, пайдасыз тұрған аумақтарды тиімді пайдалана білген жөн. Осы ретте еңкіш тартқан жер үйлерді сүру мәселесін де алға тартты.

Нұрбек Аужанов – «Градкомплекс» ЖШС директоры, Алматы қаласы:

– Менің ойымша, Петропавл шағын, бірақ нысандары жақын орналасқан қала болуы қажет. Яғни, әрбір аумақты тиімді пайдалану керек. Өткен жылы қалада 600-ден астам жер үй сүрілді. Биыл да шаруаны жалғастырып жатырсыздар. Өте жақсы бастама. Екіншіден, индустриалдық аймақты қайта құру керектігін айтқым келеді. Яғни, бос тұрған зауыттардың ғимараттарын алып, спорт зал, ойын-сауық орталықтарына айналдыруға болады. Осылайша, қала тұрғындарының қажетті нысандарға деген қолжетімділігін арттырамыз.

Петропавл қаласының орналасуы өте тиімді – дәл Есіл жағасында. Бірақ, 267 жыл ішінде әлі бірде-бір кәсіпкер паркке ұласатын жағалауды қолға алмапты. Нұрбек Аужанов көрікті, қала тұрғындарының сүйікті мекеніне айнала алатын орынды жасау қажет дейді. Бұл болашақта инвесторларды тартуға септеседі. Себебі, табиғаты сұлу, көрінісі керемет жерде баспаналы болу – әр адамның арманы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаланың аумағын үлкейтудің мәнісі жоқ. Бұл – қомақты қаржыны талап етеді. Себебі, инфрақұрылымның барлығын тарту қажет. Жер үйлерді сүру жұмысын жалғастырып, босаған жерлерді пайдаланатын боламыз.

Петропавл қонақтарын бірінші болып қарсы алатын Жас Өркен ықшам ауданы күн сайын адам танымастай өзгеруде. Жұмыс жалғасатын болады. Маңыздысы – бірыңғай тұжырымдаманы ұстану қажет. Яғни, нысандарды тұрғызумен айналысатын кәсіпкерлер әр түрлі болғанымен, ғимараттардың дизайны бір-бірімен үйлескені абзал.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сәулеттік стильді ұстаныңыздар. Нысандарды кешен ретінде тұрғызу қажет. Бөлек-бөлек салып, әр түрлі болғаны керек емес. Бұл ең біріншіден көзге тартымды көрінбейді. Сондықтан, түстері мен дизайндарына мән беріңіздер. Барлығы үндестікте болсын. Айта кеткен жөн, коммерциялық мақсатта ғимарат, баспана саламын деген инвесторларды қолдауға дайынбыз.

Жас Өркен ықшам ауданының жағдайы түсінікті. Аймақтың өркендеп, гүлденуі жалғасады. Берекеге тоқталайық. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2017-ден қарқын алған болатын. Бірнеше көпқабатты баспана тұрғызылды, мектеп те салынуда. Бірақ, әлі де аз. Сондықтан, тұрғын үйлердің қатары артпақ. Қазір мұнда 100 пәтерлік 6 бірдей нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Олардың иелері мемлекеттік бағдарламалар арқылы анықталады. Кейін салынатын баспаналар коммерциялық мақсатта болмақ. Осы ретте, берекеліктердің құлағына алтын сырға. Шағымдалатын жолдардың мәселесі біржақты етіледі. Қазір олардың ені 6 метр болса, тағы 3 метрге созылмақ. Жұмыс басталып кетті.

40 га болатын су жаңа, заманауи шағын аудан Қапайда орналаспақ. Жобалаушылар жоспарларын жиында жұртшылық назарына ұсынды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шыны керек, әрбір аудан өзінің ерекше тұстарымен қызықты. Қапай бір стильде тұрғызылмақ. Яғни, әрбір нысан, үй бір-бірін дизайны жағынан толықтырып тұрады. Сондықтан, ықшам ауданды мына видеодағыдай жасауға тырысу керек.

Шаһарда әлеуеті зор тағы бір шағын аудан бар, ол – Шығыс. Көпбейінді аурухана дәл осы жерде тұрғызылады. Мұндай мүмкіндік жер учаскелерін коммуналдық жекеменшікке қайтарғандықтан пайда болып отыр. Жұмыс 2021-дің 4-ші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тамыз-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Бұл өлкеміз үшін бірегей жоба болайын деп отыр. Кейін Шығыс шағын ауданында әлеуметтік маңызы бар өзге де нысандар салынады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне арнап көпқабатты баспана көтеру керек. Оның кемінде бір-екеуін 21-жылға дейін аяқтауды көздеп отырмыз.

Бұрындары әкімдік меншігінде болып, кейін не тегін таратылған, не ақшаға сатылған жер учаскелерін қайтару шараларына қарқын қосу қажет. Қазір осындай 70 аумақты қайта жергілікті билік балансына беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала құрылысының бас жоспары айқындала бастады. Жыл соңына дейін оның кем-кетік тұстарын тауып, дұрыстап, бекіту қажет. Кейін маңызды құжаттың іске асуын қадағалауда ұстау керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бас жоспарды жасап, бекітеміз. Кейін оған ешбір өзгертулер енгізілмейді. 2007 жылғы жоспарды 2010-да бәзбіреулер жаңартыпты. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар нысан салынуы тиіс аумаққа жер үйлер тұрғызылған.

2010-дағы қателіктердің қайталануына жол берілмейді. Өзгерістің енгізілуі керек болған жағдайда да арнайы кеңес құрылып, барша жұртшылықтың талқылауына шығарылатын болады деді Құмар Ақсақалов. Жиында тағы шаһарда жүргізіліп жатқан аббаттандыру шаралары туралы айтылып, балалар алаңқайы мен тренажерлардың орнатылуы да сөз болды. Бұның барлығы жоспарға сай жүргізілуде.

Эльмира Садвокасова