Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Оқу жылы аяқталысымен мектептерде қызу жөндеу жұмыстары бастау алды. Біреуінің есік-терезелері ауыстырылып жатса, енді бірінің қасбеті түрлі түске боялып, өзгеше кейіпке енуде. Жалпы, биыл өңірде 142 білім ошағында жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген екен.

Бірінші гимназия 1964 жылы салынған. Ғимараттың сырты содан бері жаңаланбапты. Нысанның қасбеті биыл алғаш рет боялып жатыр. Мектеп ұжымы өзара ақылдаса келіп, қызғылт сары мен сұр түстердің үйлесімділігі анағұрлым тиімді деп шешкен.

Гимназияның келбеті ғана өңделіп жатқан жоқ, ішінде де қайнаған жұмыс. 1 апта бұрын басталған шаруа жексенбіге қарай аяқталмақ.

Наталья Букатова, Бірінші гимназияның директоры: 

– Биыл біз терезелердің барлығын бірдей ауыстырып болмақшымыз. Әзірге, үшінші қабаттағы 49 терезе қалды. Оларды осы аптаның соңына дейін жаңартып үлгереміз деген ойдамыз. Әлі мектептің іші мен сыртындағы 49 есікті алмастыру көзделіп отыр. Оны да осы айдың аяғына дейін тындырамыз.

Мынау – Мұрат Айтқожин атындағы №1 орта мектеп. 42 жылдық тарихы бар нысанда 1200-ге жуық оқушы білім алады. Қолданысқа тапсырылғалы бері бояу қылшағы тимеген ғимараттың келбеті қазір ерекше көрікті. Қоңыр қызыл түспен әсемделген мектеп өзіне еріксіз көз тартады. Оның сыртын бір жаңалап алу үшін қалалық бюджеттен 2 млн теңге қаражат бөлінген екен.

Айнагүл Сұрағанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Қаладағы 30 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу көзделіп отыр. Оған мемлекеттен 850 млн теңге бөлінген. Ал 10 мектептің қасбетін жаңарту үшін қалалық бюджеттен 7 млн теңге берілді.

Жалпы, биыл жөндеу жұмыстары облыс бойынша 142 білім мекемесін қамтымақ. Оған барлығы 5 млрд тенге қарастырылып отыр.

Актолкын Солтанханкызы