Денсаулық сақтау

Биыл өңірде құтыру белгілері тіркелмеген

Жыл басынан бері 300-ден астам өңір тұрғынын ит қауып немесе мысық тырнап алған. Дәрігерлерге жүгінген кезде олар құтыру дертін жұқтырған ба, жоқ па – соған сарапатама алынады. Өйткені, қаңғып жүрген жануарлардан аса қауіпті жұқпалы ауру жұғуы мүмкін.

Қала көшелерінде иесіз қаңғып жүрген ит пен мысықтарды жиі кездестіруге болады. Кей жандар дәл осындай жануарларды қамқорлығына алып жатады. Бірақ, тиісті тексерістен өтпеген олар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

–  Қала және ауыл тұрғындары қаңғып жүрген ит пен мысықтарды көрген кезде тамақтандырып жатады. Сол адамдар ауру жұқтырып алуы мүмкін. Тұрғындар елді мекендерде құтыру белгісі бар жануарларды көрген жағдайда сол жердің ветеринария мамандарына хабар берулері керек.

Құтырған ит немесе мысық тістеп немесе тырнап алса бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінген жөн. Жануарлардан жарақат алғандарға иммундау тегін жүргізіледі.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

–  Құтырма – жабайы жануарлардан тарайтын вирус. Оны жұқтырған адамдар сауығып кетпеуі де мүмкін. 59 Медициналық ұйымдарда тегін вакциналау жүргізіліп жатыр. Құтырмамен ауыратын жануарлар тістесе 70 пайыз спиртпен немесе 30 пайыз йодпен зарарсыздандырған дұрыс.

Жалпы, жыл басынан бері қаңғыбас жануарлар 311 теріскейлікті тістеген. Олардың 5-уі жарақатының ауырлығынан ауруханаға түскен. Бірақ, өңірімізде соңғы 1 жарым жылда құтыру фактілері тіркелмеген. Әрі ит пен мысықтардан жарақат алу фактілері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл 69-ға азайып отыр.

Маржан Касымбек