Балалар

Балаларға арналған жаңа спорттық алаң ашылды

Жетім көрсең жебей жүр. Мейірімді қалталы азаматтар ата-ана қарауынсыз қалған балғындардың арманын орындады. Полудино селосындағы балалар үйінің аумағында  ауқымды арнайы алаң салынды. Мұнда спортқа жақын ұл-қыздар әрі футбол, әрі волейбол ойнай алады.

Полудин балалар үйінде бүгін бір мереке десе де болады. Көп қонақ келген әрі балалар да әдеттегіден ерекше көңіл күйде. Барлығы да су жаңа спорттық алаңның ашылуына жиылған. Бірер минуттан кейін таспасы қиылып, алаңқай салтанатты түрде қолданысқа тапсырылды.

Спорттық алаңды Полудин балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап халықаралық тікелей сату компаниясы салдыртып берген.

Татьяна Токарева – Полудин балалар үйі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Балалардың көптен күткен арманы орындалды. Себебі, бұған дейін бұл жерде жазғы спорттық алаң болған емес. Енді ұл-қыздарымыз жаз бойы осында бос уақыттарын өткізіп, таза ауада спортпен шұғылданады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Осы орайда компания өкілдеріне ұжымымыздың атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.

Спорттық алаңның аумағы – 25 метр. Оны демеушілер 3 күннің ішінде салып бітірген. Оған қоса, компания өкілдері балалар үйінің ауласында шағын сенбілік те жасап үлгерген екен.

Наурызбек Исин – компанияның тәуелсіз өкілі:

– Ең бастысы мұқтаж жандарға қол үшін беру. Сол себепті, компания өкілдерімен келісіп осындай бір жақсы іс жасайық деп шештік.

Ал балалар қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.
Кейін жеткіншектер жаңа алаңның ішінде дәстүрлі билерін де биледі. Бұл биді балалар үйіне келетін әрбір қонақ көруі тиіс. Себебі, ол достық пен бірліктің белгісін білдіреді дейді, Яна Лонарева. 7-сынып оқушысы би билеуді жақсы көреді екен. Бұдан бөлек, спортта да белсенді.

Яна Лонарева – Полудин балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Көніл-күйіміз керемет. Жаңа алаң өте ұнады. Енді достарымызбен бірге мұнда көптеген спорттық ойындар ойнайтын боламыз. Жалпы, мен баскетбол ойнауды жақсы көремін.

Мұндағы ұл-қыздардың барлығы спортты серік еткен. Бірі футбол ойнаса, енді бірі волейболға жақын.

– Мен футбол ойнауды 6 жасымнан үйрендім. Енді өзіміз достарымызбен команда құрып, кешкілікте доп тебеміз.

– Жаңа алаң стадионнан кем емес. Мен барлық спорттық ойындарды жақсы көремін.

Бүгінгі таңда Полудинодағы балалар үйінде 3 пен 16 жасқа дейінгі 48 бала тәрбиеленуде.

Дана  Ешкенова