Білім

АҚШ-та жоғарғы білім алғысы келетін жастарға арналып жазғы лагерь жұмыс істеуде

Әлемдік рейтингіде әрдайым АҚШ университеттері жоғары орындарға ие. Олардың қатарына Стенфорд, Гарвард, Йель сияқты беделді жоғарғы оқу орындары кіреді. Осындай оқу ордаларында білім алғысы келетін солтүстікқазақстандық оқушылар үшін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада арнайы жазғы лагерь жұмыс істеп жатыр.

Дәл қазір Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бірінші қабатында оқушылар мен студенттер білім беру жөніндегі жазғы лагерьге қатысуда. Олар бұл жерде ағылшын тілінен білген-түйгендерін жетілдіріп, түрлі тақырыпта эссе жазып жатыр. Кейін жазған дүниесіне ортаға шығып, ағылшын тілінде оқып береді.

Ирина Ломиновская бұл лагерьге екінші рет қатысып жатыр екен. Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті келесі жылы АҚШ-тың беделді бір университетіне оқуға түскісі келеді. Сол себепті, әрдайым шет тілінен білімін жетілдіріп, пәнге деген қызығушылығын арттыруда.

Ирина Ломиновская – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Уақытымды осында өткізген ұнайды. Мұнда көп нәрсе үйренесің, мектепте сабақ барысында айтылмайтын жаңашылдықтарды білесің. Менің ойымша, мұндай тәжірибені мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Жалпы, Америкадағы белді университтердің біріне оқуға түсу – менің арманым. Осы жазғы лагерьге атсалысу арманымның орындалуына күш-жігер, серпін берері сөзсіз.

Ал мына жерде 8-бен 11-сыныптардың ұл-қыздарына АҚШ-тың жоғары оқу орындарына қалай оқуға түсуге болатыны туралы кеңестер беріліп, презентациялар көрсетілуде. Сапалы білім алуға ұмтылғандар көбіне шетелдік оқу орындарын таңдайды. Талаптанса, мұхиттың ар жағындағы белді университеттерде де тегін білім алуға мүмкіндік бар дейді білікті маман Раушан Ұзақова.

Раушан Ұзақова – АҚШ-та білім алу бойынша консультант, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Петропавл қаласында “жазғы лагерь” осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біз болашақ талапкерлер тарапынан сұраныс көлемін анықтап, соған сай университет ұсынбақпыз. Сондай-ақ, жастарға АҚШ-тың білім беру жүйесін түсіндіріп, шетелдік ЖОО-на құжаттарды тапсыруға көмектесеміз. Шетелдік емтихандардың талаптарын түсіндіреміз.

Жалпы, білім беру жөніндегі жазғы лагерь 4 күнге созылмақ.

Дана  Ешкенова