Қоғам

Жемқорлықтың алдын алу

Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру. Бұл – жемқорлықты алдын алудың тиімді жолдарының бірі дейді алматылық мамандар. Бүгін Transparency Kazakhstan деп аталатын жемқорлыққа қарсы мектебінің өкілдері Петропавлда арнайы семинар өткізді.

Шет мемлекеттерде және соның ішінде Google, Kaspersky, Mersedes сияқты іргелі компанияларда жемқорлықпен күрес оң жолға қойылған. Олардың бұл бағыттағы жетістіктері жайлы облыс орталығында ұйымдастырылған оқыту семинарында айтылып жатыр. Сондықтан, осы дүниелерді өзімізде қолданып көру ұсынылды. Сондай-ақ, шарада қатысушылар халықаралық жүйе мен Қазақстандағы қазіргі күндегі бармақ басты, көз қыстылықпен күреске шолу мен сараптама жасады.

Ольга Шиян, «Transparency Kazakhstan» ҚҚ атқарушы директоры, Алматы қаласы:

– Біз халықаралық тәжірибеге жүгініп шетелдік компаниялардың іс жүзінде қолданып жатқан әдістерін жергілікті кәсіпорындарға енгізуді көрсетеміз. Осы бағытта Қазақстанда оқыту шаралары жүргізіліп жатыр. 29 күнде барлық қалаларды қамтимыз. Жемқорлықтың жоюдың тағы бір оңтайлы жолы – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру. Қазіргі уақытта азаматтар интернеттің көмегімен 900-ге жуық мемлекеттік қызметті үйлерінен шықпай-ақ ала алады.

Семинарға жалпы 20-ға жуық адам қатысуда. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Қатысушылар осы жерде алған білімдері жемқорлықпен күрес жолында мол пайдасын тигізеді деген ойда.

Людмила Голенкова, СҚО кәсіподақ орталығының бас маманы:

– Бұл семинардың мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігі көп. Әрі парақорлық пен жемқорлыққа жол бермеу үшін қандай қағидаларды ұстанған жөн. Осы турасында біраз мәлімет алдым.

Жазғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектеп Қазақстанда үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл жоба осыған дейін елорда мен Алматы қалаларында ғана жүзеге асырылған екен. Енді 18 шаһарды қамтып отыр.