ТЖ

Жағажайларда тәртіп сақшылары рейд жүргізіп жатыр

Суға түсуге қатысты ережелерден өзге белгілі бір талаптар да бар. Жағажайда ішіп алып, қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері өзен-көлдің маңында рейдтік шаралар өткізуді жиілеткен.

Петропавл маңында 2 жерде суға түсуге болады. Бұлар – Есіл өзеніндегі жағажай мен Пестрое көлінің бергі беті. Аталған орындарда шомылуға арналған аумақтар қарастырылған, тиісті құрал-жабдықтар орнатылған. Бұның өзінде суға түскен кезде белгілі бір тәртіп-ережелерді міндетті түрде сақтау қажет.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы құтқару бөлінісінің басшысы:

– Жабдықталмаған жерлерде шомылуға тыйым салынады. Сондай-ақ, суда тартылған белгілердің ар жағына шығуға, балаларды қараусыз қалдыруға, спирттік ішімдіктерді ішуге және масаң күйде суға түсуге болмайды.

Дулат Теміртасов – Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы: 

– Сіз қалалық жағажайда екендігіңізді; қалалық жағажайда спирттік ішімдіктерді ішуге, қоғамдық тәртіпті бұзуға болмайтынын білесіз бе? Арнайы рұқсат етілген жерде ғана суға түсуге болады.

Алайда, бұл қағидаларды ескермейтін азаматтар бар. Тәртіп сақшылары тиісті ережеге мойынсұнбаған 3 тұрғынға қатысты хаттама толтырыпты. Тек ескертумен ғана шектелсе керек. Жағажайда масаң күйде тағы 4 жасөспірім ұсталған. Олардың ата-аналары балаларына жөнді бақылау жасамағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүрленеді. Осы тұста айта кететін маңызды жайт, аталған ережелер жайдан-жай ойластырылмаған. Ересек, саналы азамат суда тиісті қауіпсіздік шараларын орындамаған жағдайда арты соқпақты болуы мүмкін екендігін түсінуі керек. “Сақтансаң, сақтаймын” демекші, айтылған дүниелерді қаперде ұстау қажет.

Маржан Касымбек