Халық тарих толқынында

Борис Бурков 77 жылдан кейін табылған әкесінің денесін жер қойнауына тапсырды

77 жылдан кейін табылған ҰОС ардагерінің денесі жер қойнауына тапсырылды. Рәсім Ресейдің Новгород облысындағы Поля ауылында өтті. Майданда қаза тауып, тек 77 жыл өткен соң табылған марқұмның петропавлдық Борис Бурковтың әкесі – Николай Бурков екені анықталған.

Сұрапыл соғыс басталған кезде Борис Бурков әлі бала еді. Сол жылы қыркүйек айында әкесі әскер сапына шақыртылады. Небәрі 6 жаста болған жерлесіміз әкесінің келбетін суреттерге қарап елестетеді.

Борис Бурков, ҰОС ардагері Николай Бурковтың ұлы:

– Көз алдыма көбінесе әкемнің қақаған қыста сабан жинап жүрген кезі келеді. Мен әкемді солай – үлкен денелі, кең иықты қалпында есімде сақтап қалдым. Бірақ, шын мәнінде орта денелі қарапайым адам болған дейді жақындарым.

Борис Бурковтың әкесі Николай Иванович майданда 42 жылдың 24-ші мамырында қаза тапқан. Сол кезден бастап одан қалған 3 ұлы әкесінің денесін сұратып тиісті органдарға жүгінеді, талай хат жазады. Іздеу жасақтарынан да көмек сұраған. Бірақ, бұл еш нәтиже бермеген.
Сөйтіп, арада 77 жыл өткенде Борис Бурковтың үйіне хабар келеді. Бұл хат Новгород облыстық қоғамдық ұйымының «Находка» деп аталатын іздеу жасағының жетекшісінен екен. Қағазда команда мүшелері әкесі, яғни Николай Бурковтың денесінің табылғандығын айтады.

Борис Бурков, ҰОС ардагері Николай Бурковтың ұлы:

– Әкемді осы медальон арқылы таныған. Оның ішінде аты-жөнімен қоса Новокаменка ауылының тумасы екендігі жазылған қағаз болыпты.

Новгородтық жасақ жетекшісі Борис Бурковты маусымның 22-сі күні Поля ауылында өтетін жерлеу рәсіміне шақыртады. Бұл жерде 2018 жылдың күзі мен 2019-дың көктемінде табылған 60 жауынгердің денесі жер қойнына тапсырылмақ екен.

Борис Бурков, ҰОС ардагері Николай Бурковтың ұлы:

– Хабарды ести сала жинала бастадым. Алайда, ағайындарым менің жалғыз баруыма қарсылық танытқан соң жиеніммен барып-қайттым. Әкемнің денесін өз туған жеріне әкелу мүмкін емес болды. Сол себепті, солтүстіктің бір уыс топырағын ала бардым.

Жолға маусым айының 19-ында шыққан Борис Бурков 25-інде Петропавлға қайта оралған. Ал осынау медальон ішіндегі қағаздың көшірмесі жуырда ғана жеткізіліпті. Түпнұсқасы таяу арада жолданбақ.

Актолкын Солтанханкызы