Қоғам

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне – 16 жыл

Бүгін Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің құрылғанына – 16 жыл. Осы уақыт ішінде қаржы институты 8 мыңға жуық теріскейлік салымшыға займ беріп, қоныс тойын тойлауға тамаша мүмкіндік жасапты. Мерейлі датада банктің жергілікті филиалының басшылығы олармен әріптестік орнатып, нәтижелі жұмыс істеп жатқан мекеме өкілдерін марапаттады.

10-шы шілде – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төл мерекесі. Еліміздегі іргелі қаржы институтының құрылғанына – 16 жыл. Қазіргі таңда мекеме 4 бірдей мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Солардың бірі – “Нұрлы жер”. Бүгін аталған жоба аясында Аққайың ауданына қарасты Рублевка селосының тұрғыны Әсем Закирина баспаналы болды. Нәзікжандының қуанышында шек жоқ. Ол тиімді мүмкіндіктерді пайдалана отыра, қаладан қос бөлмелі пәтер алатындығына дән риза.

Әсем Закирина – Рублевка селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Келешекке мақсат қоя отырып, өз мақсатымызға 5 жылдың ішінде жетіп отырмыз. 2 бөлмелі пәтерге өтттік. Қуанып жатырмыз.

Банк былтыр “Әскери баспана” бағдарламасын да қолға алды. Тың жоба аясында Отан қорғаушылар пәтер кілтіне қол жеткізеді. Яғни, баспана сомасының 15% жинап, қоныс тойын тойлай алады. Мұндай мүмкіндікті өткен жылдан бері 185 адам пайдаланыпты. Олардың арасында Ұлттық ұлан өкілдері де бар. Арадағы әріптестік үшін қаржы институтының филиал директоры 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасарына алғыс хат табыс етті.

Кенжеболат Балтабаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– 6637 әскери бөлімінің 40 қызметкері пәтер алды. Мемлекет банк берген займды өтеп береді.

Тағы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаев әріптестік орнатып, бірлесе жұмыс істеп жатқан өзге де мекеме өкілдерін марапаттады. Жалпы, уақыт өткен сайын елімізде қаржы институтының танымалдылығы артып келеді. Мысалы, соңғы бір жылдың ішінде 150 мың адам келісім-шарт жасасыпты. Ал, берілген ипотеканың саны 16744 құрайды. Яғни, осынша тұрғын баспаналы болған.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Қазіргі таңда банктің облыстық филиалында 42 мың салымшы бар. Жиналған ақшаның сомасы 20 миллиард теңгеден асады. 1 жылдың ішінде біз 1500 займ бердік. Яғни, осыншама жерлесіміз пәтер алды. Жақында баспаналы болушылардың қатары артады. Себебі, Береке ықшам ауданы мен Жуков көшесі бойындағы қос нысанды халық игілігіне тапсырамыз.

Сөз соңында айта кетейік, шілде айында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі “Бақытты отбасы” бағдарламасын іске қоспақ. Бұл жоба аясында көпбалалы, аз қамтылған және толық емес жанұялар төмен шарттармен пәтер алатын болады.

Байболат Бектемірұлы