Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласы мамандарына арналған семинар

Көп қаражатты қажет етпейді әрі пайдасы мол. Мамандар төрт түліктің өнімділігін арттыруға септесетін өсімдік түрін атады. Айтуларынша, ол ақуызға бай және қолжетімді. Бүгін Бескөлдегі мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми зерттеу институтында ауыл шаруашылығы саласы мамандарына арналған семинар өтті.

Семинар ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Олар мұнда өз ісін дөңгелету жолдарымен танысып, пайдалы кеңестер ала алады. Залға жиналғандар арасында еңбеккер тұрғындармен қоса кәсіпкер азаматтар да бар.

Виктор Рощкупкин – “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС бас технологы:

– Мен 5 жылдан бері «Бескөл құс фабрикасының» бас технологы болып жұмыс істеймін. Біздің фабрика құс еті мен жұмыртқа өндірумен айналысады. Бүгінгі жиынға мол ақпарат жинап, біліктілігімді арттыру үшін келдім. Өзімді қызықтырған көптеген сұрақтардың жауабын таптым.

Өңірде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер азаматтар аз емес. Алайда, олар төрт түлік малдан сапалы өнім алуы үшін оны құнарлы азықпен қажетті мөлшерде қамтамасыз етулері керек. Сапалы жепшөп алу үшін де біраз қаражат қажет екені сөзсіз. Бұл ретте білікті мамандар зерттеу жүргізген. Олардың сөзінше “хлорелла” деген жасыл балдырды өсіру анағұрлым тиімді екен. Аталған өсімдік арзанға түседі әрі өте пайдалы көрінеді.

Күлбарам Баязитова – ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Малдың ағзасына ақуыз керек. Хлорелла жасыл балдырлары малдың ағзасына өте пайдалы болып келеді. Біз осы жайында кәсіпкерлерге түсіндіріп, тиімді жақтарымен таныстырып жатырмыз.

«Тәжірибелік мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы негіздері» атты семинарға Қызылжар, Мамлют, Ақжар және М.Жұмабаев сынды аудандардан келген жалпы 20-дан астам адам қатысты.

Маржан Касымбек