МТРА жаңалықтары

Қала күні аталып өтпек

Биыл Петропавлға 267 жыл толады. Үстіміздегі жылы облыс орталығының төл мерекесі дәстүрге сай кең көлемде аталып өтпекші. Шаһарда 4 күн бойы түрлі мәдени, қайырымдылық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қала күнін тойлау 11-ші шілдеде бастау алады. Таңертен №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде “Бақытты қала” балалар спартакиадасы өтпек. Онда ұл-қыздар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылмақ. Ал сағат 16:00-де орталық алаңға келген жөн. Ол жерде кешкі 6-ға дейін стритболдан, шахматтан, асық ату мен тоғызқұмалақтан сайыс өтпек.

Мафруза Науанова – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Биыл Петропавл күнін тойлау аясында алғаш рет “Қызылжар-квест” атты ойын өткізіледі. Ол 12-ші шілде күні таңғы 10 жарымда қалалық әкімдіктің маңынан бастау алады. Осылайша күндізгі 13:00-ге дейін созылмақ. Оған кез келген адам қатыса алады. Тұрғындар ойын барысында қызықты тапсырмаларды орындап, тарихқа шолу жасайды. Тағы, бұл күні халықаралық этно-фольклорлық фестиваль де болады.

Мерекелік шаралардың негізгісі 13-і өтеді. Бұл күні таңертен орталық алаңда “Петропавл – менің сүйікті қалам” атты балалар фестивалі ұйымдастырылмақ. Онда концерт қойылып, жергілікті аниматорлардың шеруі болады. Ал 16:00-де Тәуелсіздік стеласының маңында жас жұбайлардың қатысуымен көңілді бағдарлама өткізіледі.

Мафруза Науанова – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Тәуелсіздік стеласы маңында “Керемет жұп” мәдени-ойын-сауық бағдарламасы өтеді. Бұл іс-шараға қала күнінде отау құрған жастарды қатысуға шақырамыз. Сіздерді сыйлықтар күтіп тұр. Әрі концертті де тамашалай аласыздар.

Шілденің 14-і күні “Солтүстік жұлдызы” саябағында бояу фестивалі, жағажай волейболы мен футболдан жарыс өтеді. Кешке орталық алаңда жастарға арналған бірнеше іс-шара ұйымдастырылмақ.

Байболат Бектемірұлы