Қоғам

Жарасбай Сүлейменов 70 жасқа толды

Бүгін облысымыздың құрметті азаматы әрі қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов 70 жасқа толды. Журналистика саласында талай жылдар бойы тер төгіп жүрген азамат  көптеген шәкірт тәрбиелеп, 30-ға жуық кітап жазған.

Жарасбай Сүлейменов журналистика саласындағы жарты ғасырға жуық белесте өзіндік орнын қалыптастырған. Елдің көкейіндегі қордалы мәселелерді қопарып жазудың нағыз шебері. Ол өзінің өзекті мақалаларымен оқырман қауымның жүрегінен орын алған. Бүгін адамдықтың да, мамандықтың да биігіне тұрақтаған жанның 70 жылдық мерейтойы тойланып отыр.

Жарасбай Сүлейменов – жазушы-журналист, қоғам қайраткері, СҚО құрметті азаматы:

– Мерейтой дегенге әркімнің көзқарасы әр түрлі. Менің ойымша, бұл-халық пен ел алдыңда есеп беретін кезең. Өзім тағдырыма ризамын. Мамандығыма адал жұмыс атқардым.

Жарасбай Қабдоллаұлы журналистикадағы қызметін 71-жылы жергілікті “Ленин туы” газетінің тілшісі болып бастайды. 10 жылға жуық уақыт Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып жұмыс істеген. Кейін тағы бірқатар жерде тер төккен азамат – қазір “Солтүстік Қазақстан” газетінің директоры әрі бас редакторы. Жиын барысында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жерлесімізге жолдаған құттықтау хатын орынбасары Руслан Әлішев оқып берді.

Шығармашыл жан талай шәкірт тәрбиелеп, білгенін бойында бүкпей бөліскен. Еңбегі еленген жерлесіміз жуырда ғана М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің құрметті профессоры атағын иеленді. Жарасбай Сүлейменовты құтықтау үшін оның бұрынғы әріптесі, қазіргі кездегі жақын жолдасы Кәрібай Мұсырман Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы ат терлетіп келіпті.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның құрметті журналисі:

– Жамбыл ауданында меншікті тілші болып жұмыс атқарып жүрген жылдары достық қарым-қатынасымыз орнаған болатын. Содан бері жолдастығымыз ажыраған емес.

«Азамат. Қаламгер. Қайраткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция соңында жазушының өзі және қызы жазған «Дара жол» және «Әке жолы» туындыларының тұсауы кесілді. Жалпы, шығармашыл азаматтың 30-ға жуық кітабы бар.

Маржан Касымбек