Спорт

Теріскейлік боксшы үздік атанды

Теріскейлік боксшы аймақаралық турнирде топ жарды! Жерлесіміз Владислав Макаров Ресейдің Қорған облысында өткен байрақты бәсекеде чемпион атанды. Ол қарсыластарын айқын ұтып, алтыннан алқа тағынған. Жалпы, жарысқа 170 спортшы қатысыпты.

Владислав Макаров дүбірлі додада еліміздің намысын қорғаған жалғыз спортшы. Ол 2003-2004 жылы туылған балалар арасында сынға түсті. Сайыста 3 кездесу өткізіпті. Алдымен қорғандық, кейін Челябі қаласының боксшысын ұтқан. Ал, финалда екатеринбургтық өренді жеңген екен.

Владислав Макаров, аймақаралық турнирдің жеңімпазы:

– Маған 3-ші кездесу қиынға соқты. Себебі, екатеринбургтық қарсыласым техникалық тұрғыда өте мықты болып шықты. Әрі өзі де қайсар екен. Қаймығу дегенді білмейді. Бірақ, осал тұсын тауып жеңімпаз атандым. Бұл менің осындай байрақты бәсекелерде еншілеген алғашқы медалым.

Жалпы, Владислав 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Бұл категорияда
9 спортшы өзара жұдырық түйістіріпті. Жасөспірімді жарысқа Сабыржан Сақтағанов тыңғылықты дайындаған екен. Маман осы тынымсыз жаттығудың, төккен тердің арқасында жеңіске жеттік деп отыр.

Сабыржан Сақтағанов, К.Сафин атындағы бокс мектебінің аға жаттықтырушысы:

– Осы турнирге 170 адам қатысты. 10 команда бақтырын сынады. Халықаралық дәреждегі спорт шеберлері де тартысты 1 ай бойы дайындалдық.

Сабыржан Сақтағановтың қол астындағы боксшылар әрі қарай да жаттығу жасап, түрлі жарыстарда атой салуға ниетті. Жерлестеріміз осылайша Ұлттық құрама сапына ілігіп, ел намысын дүбірлі додаларда қорғағысы келеді.

Ақтолқын Солтанханқызы