Денсаулық сақтау

Петропавлда елорда күні 16 сәби дүниеге келді

Елорда күні дүние есігін ашқан сәбилер. Петропавлда шілденің 6-сы күні іңгәлаған 16 перзент өмірге келді. Тең жартысы ұлдар болса, қалғаны – қыз балалар.

Стефани Фортовская қазір шырт ұйқыда жатқан сәбиінің қылығына тояр емес. Бұл – жас ананың тұңғыш перзенті. Нәзікжанды шілденің 6-сы күндізгі сағат 12-де босанған екен. Нәрестенің салмағы – 3 келі 120 грамм, бойы – 51 см. Стефани баласының есімін жүкті кезінде таңдап қойған. Сол себепті, көп ойланбай, ұлына Максим деп ат беріпті.

Стефани Фортовская:

– 3 күн бұрын босансам да әлі толқу үстіндемін. Бұл сезімді жеткізу өте қиын. Әр әйел осындай бақытты сезініп көруі керек. Сол себепті, жас келіншектерге айтарым – қорықпаңдар. Балам ер жетіп, келешекте еліміздің көркеюіне өз үлесін қосады деген сенімдемін.

Ал 24 жастағы Кристина Эрейзер шілденің 6-сы күні 12-ден 20 минут кеткенде ана атанған. Мереке күні туылған нәрестеге ата-анасы ат қоюға да үлгеріпті.

Кристина Эрейзер:

– Балапаным осындай мереке күні дүниеге келгеніне қуаныштымын. Есімін Милана деп қойдық. Жалпы, жағдайы жақсы. Дәрігерлер барынша қарауда. Бұл жердегі ұжымға алғысым шексіз.

Жалпы, облыстық перинаталдық орталығының босану бөлімінде бір тәулікте шамамен 25 сәби туылады екен. Ал елорда күні перзентханада 16 нәресте дүниеге келген. Оның 8-і ұл болса, қалғаны – қыз балалар.

Гүлнәр Иманбаева – облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері:

– Мереке күні туылған барлық сәбилердің жайғдайы жақсы. Барлығы аналарының жанында. Жалпы 7-сі күніде 16 сәди дүние есігін ашты.

Айта кеткен жөн, жыл басынан бері өңірде 2 жарым мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Дана Сәлімқызы