Құқық қорғау органдары

Петропавлда алаяқтықпен айналысқан әйел ұсталды

Туысқаныңызбын деп сан соқтырып кеткен. Петропавлда алаяқтықпен айналысқан Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. 55 жастағы әйел зейнеткерлердің 300 мың теңгесі мен ұялы телефонын қолды қылған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Так, условно зашла в квартиру, дом. Спросила как зовут: «Теть Маша?» – Теть Маша. Представилась родственницей, она меня признала как свою родственницу. Она спросила там про своих, туда-сюда. И я, это. Деньги на продукты. Ну, она мне вытащила, сразу дала и все.

55 жастағы азаматша осылай адамдардың сеніміне кіріп отырған. Ретін тауып, алыстағы туыстар жайлы әңгіме қозғап, ақкөңіл жандардың жауабын аңдыған. Сәті келгенде нарықтағы жағдайды желеу етіп, ақша берсе оған азық-түлік қымбаттамай тұрғанда алып келемін деп көндіріпті. Жапа шегушілердің қолында қаражаты болмаса, көзіне түскен қымбат дүниені алып кетуге тырысқан. Алаяқтың қармағына түскен жапа шегулердің бірі ұлымен тұрса, екіншісі жалғыз өзі өмір сүрген. Екеуі де егде жастағы нәзікжандылар.

Ойқала шағын ауданында тұратын 27-ші жылғы кейуана қу әйелге 300 мың теңгесін ұстатып жіберіпті.
Ал Черемушки ықшам ауданының 79 жастағы тұрғынының жиған-терген ақшасы болмаған екен. Бірақ, кейін 29 мың теңге тұратын ұялы телефонының жоғалғанын байқайды. Манағы ұзақ әңгімемен арбаған әйел шығып бара жатқанда бірге ала кеткен көрінеді. Ақыры 2 бірдей жәбірленуші арызданып, полиция қызметкерлеріне жүгінеді.

Алмаз Жәкенов – Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– Жедел іздестіру іс-шаралары барысында бұрын сотталған 55 жастағы Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. Күдікті қарт адамдарға өзін туысқанымын деп таныстырып, ақшаларын жымқырып отырған.

Қолға түскен алаяқты осындай әрекеті үшін Қостанай облысының тәртіп сақшылары да іздестіріп жүрген екен. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ұрының басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр. Ұрланған заттардың бір бөлігі иелеріне қайтарылған.

Дана Сәлімқызы