Қоғам

Нәрестеге домбыра тарту етілді

Домбыра – атадан балаға жеткен асыл мұра. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, үлкен азамат болып өссін деген тілекпен музыкалық аспап Домбыра күні дүниеге келген нәрестеге тарту етілді. Өнегелі шараны облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері ұйымдастырды.

Ғалия Сұлтанова сәбиін шілденің 6-сынан 7-сіне қараған түні, сағат 2-де босанған. Келіншек мереке күні үшінші қызын жарық дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы – 3 келі 400 гр, бойы – 55 см. Перзентінің атын отбасылық дәстүр бойынша азан шақырып қоятынын айтты.

Ғалия Сұлтанова:

–  Біздің жанұяда да атамыз домбыра тартады. Немерелері де атасының жолын қуады деп ойлаймын.Есімін атасы қояды.
Барша отбасыға бақыт пен денсаулық тілеймін.

Жаңа туған нәресте – мәдени құндылықтарымызды сақтаушы. ҚХА-ның өкілдері өткен жылы домбыра күні дүниеге келген ұл балаға ұлттық аспапты тарту еткен. Биыл дәстүрлі шараның ұйымдастырушылары өз сыйлықтарын мерекеде туылған қызға табыс етті.

Күлімкөз Смайылова – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Біз еліміздің ұлтымыздың қасиетті домбырасын насихаттау үшін осындай акция өткізіп жатырмыз. Домбыра күні дүниеге келген сәбиге ұлттық аспап сыйға беріледі.

Шілденің 7-і еліміздің барлық облыстарында «Ұлттың саз байрағы – Домбыра» атты республикалық акция өткізілді. Жалпы, бұл күні Петропавлдағы перинаталдық орталықта 16 сәби дүниеге келген.

Маржан Касымбек