Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Мәңгілік елдің” Заң керуені” акциясы қорытындыланды

Қызылжар ауданының тұрғындары қысқа отын дайындай алмай келіпті. Ал зейнеткерлер мен мүгедектердің тегін дәрі-дәрмекке қолы жетпеген. Бұл өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Проблемалық сұрақтардың барлығы “Мәңгілік елдің” Заң керуені” акциясы аясында біржақты етілді.

Биыл өңірімізде “Мәңгілік елдің” Заң керуені” атты акция алғаш рет өтті. Ол Петропавлдың іргесіндегі Қызылжар ауданында ұйымдастырылды. Шара барысында прокурорлар басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, аудандағы әрбір елді мекенге барыпты. Осылайша тұрғындармен тілдескен, проблемалық сұрақтармен танысқан.

Ерлан Нұрышкин – СҚО прокурорының көмекшісі:

– Аталған акция прокуратура тарапынан ұйымдастырылды. Акцияның нәтижесінде 19 селолық округ, 72 елді мекен қамтылды. Шара барысында 275 адам қабылданды. Олардың сұрақтары сол жерде шешілді.

Ал енді проблемалық сұрақтарға жіті тоқталайық. Көбіне ауылдағы ағайын азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жолдың нашарлығы, ауыз судың жоқтығы, зейнеткерлер мен мүгедектерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерді көтерген. Сауалдардың біразы сол жерде оң шешімін тауыпты.

Шолпан Әбдірахманова – СҚО прокуратурасының аппарат басшысы:

– Акция барысында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі жиі талқыланды. Ауылдағы мүгедек жандар, зейнеткерлер денсаулықтарына, қаржылық жағдайларына байланысты Бескөлге барып, препараттарды ала алмайды екен. Мәселе бірден шешілді. Бізбен бірге аудандық аурухананың бас дәрігері де болған еді. Ол енді елді мекендегі азаматтарға дәріні фельдшерлер апарып беретіндігі жөнінде шешім қабылдады.

Бұған дейін қызылжарлықтар отын дайындай алмай келіпті. Себебі, аудандағы орман шаруашылықтарының басшылары парамен ұсталып, іс қозғалған. Міне, осыған байланысты жерлестеріміз қысқа қамдана алмаған. Бірақ, қазір адамдар іске кірісіп, әзірлікті бастапты.

Жасұлан Смағұлов – СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы:

– Адамдар отын дайындауға рұқсат қағазын алу үшін уәкілетті органдарға барады. Сол кезде оларға жауапты тұлғалдардың үстінен іс қозғалғанын, соған байланысты отын әзірлеуге уақытша рұқсат етілмейтіндігін айтады. Біз бірден мәселені зерттедік. Сонда парақорлық оқиғасының шектеуге еш қатысы жоқ екендігіне көзіміз жетті. Осылайша отын дайындауға рұқсат берілді.

Айта кетейік, тамыз айында “Мәңгілік елдің” Заң керуені” акциясы облыс орталығында өтпек. Онда мамандар Петропавлдағы әр үйде болып, тұрғындармен кездесуді жоспарлап отыр.

Байболат  Култанов