Мәдениет

Ұлттық домбыра күні аталып өтілді

7-шілде күні – Ұлттық домбыра мерекесі аталып өтілді. Бұл күні қаланың түкпір- түкпірінде күмбірлеген күй әуеледі. 30-ға жуық әртіс әлеуметтік маңызы бар нысандарға аялдап, тұрғындарға өнерлерін паш етті.

Ұлттық сана мен төл өнерді жаңғыртып, дәріптеуге бағытталған бұл шара қала жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады. Осы күні облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің домбырашылары концерттік керуенмен қаланың әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысандарында болды.

Қайырлы Ғафуров, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:

– Қызылжар қаласының тұрғындарына Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі осы мерекеге орай концерттік бағдарламасын ұсынып, халыққа төл өнерімізді паш етеміз.

Қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Дәстен Байұқанов мына домбыра 1963 жылы жасалған дейді. Жарты ғасырдан астам ғұмыр жасаған бағалы аспапты халыққа таныстыруға арнайы әкеліпті.

Дәстен Баймұқанов, қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы:

– Менің қолымдағы домбыра 1963 жылы жасалған. Бұның ерекшелігі ою-өрнегінде. Бетіне өте көп ою-өрнек епті кіргізілген. Осы домбыра күнінде елге көрсетейін деп әкелдім.

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, қазақ халқының кең тараған музыкалық аспабы. Бұрындары қазақ қайғы мен қуанышын, жеңісі мен жеңілісін осы қос ішектің көмегімен сөзсіз жеткізе білген.

Дәстен Баймұқанов, қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы:

– Бүгін міне республика бойынша домбыра күні аталап отыр. Бұны үлкен мейрам деп танимыз. Себебі, домбыра аспабының дүниежүзілік мәдениетке кіргізген өте көп өзгерістері мен жаңалықтары бар.

City Mall сауда орталығынан бастау алған күй керуені Тәуелсіздік стеласының алдына келіп табан тіреді. Өнер иелері халыққа танымал «Адай», “Сарыарқа”, «Балбырауын», «Көңілашар» сынды бірнеше күй орындады.

Нариман Жолдасбеков – Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің домбырашысы. Қос ішекті аспаптың құлағында ойнап келе жатқаныма 14 жыл болды дейді.

Нариман Жолдасбеков, Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Кішкентай кезімнен домбыраның үніне құштар болғаннан кейін, анам музыка мектебіне домбыра пәнінен сабаққа берді. Кейін, қаламыздағы өнер колледжінде домбыра пәнін оқыдым. Казіргі күні Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінде домбырашымын.

Концерт соңында қала тұрғындары мен қонақтары өнерпаздарды ұзаққа дейін жібермей, оларман бірге суретке түсіп жатты.

–  Халқымыз аман болсын, еліміз тиыш болсын. Домбырамыз жақсы әуен ойнай берсін.

– Мереке тамаша өтті. Музыканттардың өнері таңдай қақтырады. Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын.