Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Заң керуені” акциясы бастау алды

Заң керуені! Осындай атаумен Қызылжар ауданында ауқымды акция өтті. Шара 72 елді мекенді қамтыан. Таңғы 9-дан бастап кешке дейін прокурорлар қоғамдық қабылдау өткізді. Осылайша, ауылдағы ағайынның проблемаларын тыңдап, оларды шешуге атсалысатын болады.

Қызылжар – облыс орталығына ең жақын орналасқан аудандардың бірі. Тұрғындар саны 44 мыңнан асып жығылады. Сондықтан, қадағалаушы орган өкілдері акцияны дәл осы жерден бастауды жөн көрген. Заңнамаларды түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейін арттырып, ауылдағы ағайынның проблемаларын шешуге жәрдемдесу. Бұл – ауқымды шараның басты мақсаты.

Бағбан Тайымбетов – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

– 19 ауылдық округтың 72 елді мекенінде прокурорлар жұмыс істеуде. Кез келген тұрғын өз мәселесімен көмекке жүгіне алады. Мүмкін болып жатса сұрақтың нүктесін сол арада-ақ қою қажет. Ал кей проблемалар жіті зерттеуді талап етеді. Ондай жағдайларда қадағалаушы орган өкілдері бақылауларына алып, міндетті түрде шешімін табатын болады. Адамдардың арқалап келген базыналарының бірі де жауапсыз қалмайды.

Прокурорлар ауылдағы ағайынның проблемаларын тыңдап жатса, жиында бизнесмендердің жұмысында кездесетін мәселелер қарастырылды. Сұрақтарды «Заң және кәсіпкер» кеңесінің өкілдері тікелей өз бақылауларына алып жатыр. Қызылжар ауданының азаматтары жеке істерін ашуда белсенді. Алайда, оны дамытып, кеңейтуге кедергі келтіретін дүниелер де бар. Бірқатарын жергілікті кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Нұрмұқанов жіпке тізіп берді. Сонымен кіші және орта бизнес өкілдері қандай проблемаларға кезігеді екен?

Асқар Нұрмұқанов – Қызылжар аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бизнес субъектілері «Монополист» порталына электрондық түрде есеп беруі қажет. Бірақ, ол жөнді жұмыс істемейді. Тіпті, құжаттарды жүктеу мүмкін емес. Осы сұрақ шешімін тапса, игі болар еді.

Мұндай техникалық ақаулар порталда шынымен де жиі орын алады екен. Оны табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Жандос Ермағамбетов мойындады. Бірақ, ақпараттандыру заманында енгізіліп жатқан өзгерістер азаматтардың жұмысын бәсеңдетпеуі қажет. Осыны алға тартқан өңірдің бас прокуроры мәселені шешуге бір апта уақыт берді. Тағы жиында «Қазсушар» кәсіпорнының соңғы 4 жылдың ішінде судың бағасын 20 есе өсірткені де айтылды. Себебі, ферма және шаруа қожалықтарына жіберілетін суды субсидиялау тоқтатылған болатын. Салдарынан бизнесмендер тіршілік көзінің бір текше метрі үшін 760 тг төлейді екен. Бұндай баға ауыл шаруашылығымен, оның ішінде мал өсірумен айналысатындардың қалтасын қағатыны сөзсіз.

Бағбан Тайымбетов – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

– Тіршілік көзінің бүгін – 5, ертең 10 теңгеге өсуі не деген сұмдық? Оның құрамы өзгеріп жатқан жоқ қой. Сол баяғы су. Жиынға облыс әкімінің орынбасары қатысуда. Дәурен Жандарбек аймақ басшысына бұл проблеманы жеткізеді деген ойдамын. Өзім де Құмар Ақсақаловқа мәселенің мән-жайын айтып беремін. Суды субсидиялауды қайта қарастыру қажет. Біз шаруашылықпен айналысатын бизнесмендерге қолдау көрсетуіміз керек.

Жиында көтерілген проблемалардың шешімі «Заң және кәсіпкер» кеңесінің келесі отырысында айтылатын болады. Осылайша, бизнес саласы өкілдерінің мәселелері аяқ асты қалмайды дейді өңірдің бас прокуроры.

 

Эльмира Садвокасова