Қоғам

Қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

Қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген жандардың еңбегі аталып өтілді. Бүгін Петропавлдың орталық алаңыңда елорда күніне орай қазақ мәдениетінің фестивалі ұйымдастырылды. Шара марапаттаудан кейін концертке ұласты.

Қазақ мәдениетінің фестивалі өңірде осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы аталмыш шараны «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы ұйымдастырған.

Гүлбақша Мұсабаева, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:

 – Биылғы жылы бұл шара дәстүрге айналды. Бүгін барлық этномәдени орталықтар, мемлекеттік тілде білім беріп жатқан, тәрбие беріп жатқан, театр сахнасында өнерлерін көрсетіп жүрген қалалық мәдениет үйінің қызметшілері, облыстық филармония қызметшілері – барлығымыз басымызды қосып ұйымдастырып отырмыз.

Алғашқылардың бірі болып «Ең үздік актерлік рөл» номинациясында Мәдина Өсербаева марапаттталды. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы «Қарагөз» спекталінде басты кейіпкерді сомдаған болатын. Сұхбат барысында Мәдина қойылымдағы арудың жан сезімін көрермендерге жеткізе білу / оңайға соқпағандығын атап өтті.

Мәдина Өсербаева, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Есте қаларлық процесс болды. Жақсы керемет бір әсер қалдырды. Ішкі жан дүниесіне үңілу болсын, пластика жағынан болсын оңай болған емес. Бірақ, бүгін оның жемісін көріп жатырмын деп айтуға болады.

Бұл – Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі. Құрылғанына 19 жылдан асқан ұжым көрерменнің көзайымына айналған әрі түрлі республикалық байқауларда топ жарып жүр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі де, дирижері де – ҚР мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров. Азамат бүгін “Ең үздік оркестр жетекшісі” аталымында марапатталды.

Қайырлы Ғафуров, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:

– Бүгін алғыс хатпен марапатталып жатырмыз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Жалпы, қазақ өнерінің, мәдениетінің дамуына үлкен жұмыс істеп келе жатырмыз. Алдағы уақытта да бірге қызмет атқарамыз деген ойдамын.

Оркестрдің алдағы уақытқа жоспары ауқымды. Өнер ұжымы ел аймақтарын концерттік бағдарламамен араламақшы.

Актолкын Солтанханкызы