Балалар

Жас құтқарушылар сынға түсті

Жылдам киіну, алғашқы медициналық көмек көрсету мен нысананы көздеу. Бүгін қалада “Жас құтқарушылар” атты облыстық чемпионат өтті. Оған қатысқан балалар жылдамдық пен мергендіктен сыналды.

Тартыс құтқарушылардың жауынгерлік киім киюінен басталды. Әр топтан 2 қатысушы бақ сынайды. Маңыздысы, тапсырманы жылдам әрі сапалы орындау қажет.
Тамерлан Ақтан Жамбыл ауданының намысын қорғай келген. Ол да ағасы сияқты өрт сөндіруші болуды армандайды.

Тамерлан Ақтан, чемпионатқа қатысушы, Жамбыл аудыны:

– Бүгінгі шараға екі күндей дайындалдым. Осы жарыстың қиын тұсы киімнің үстінгі бөлігіндегі түймелерді ілу болды. Жалпы, жарыс өте қызық өрбуде, аса қиын емес. Осындай сайысқа алғаш қатысуым.

Келесі тапсырма мынадай: жас құтқарушылар қайықтан 7 метр қашықтықта тұрған шеңберге қолдарындағы арқанды дөп түсірулері қажет. Топтан тек бір адам қатысады. Әрқайсысына 3 мүмкіндіктен беріледі. Бірақ, шалақындық баладан басқалары нысананы дәл көздей алмады.

Серік Наурызбаев, СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

– Спорттық шара 14-15 жастағы жасөспірімдерден құралған 9 құрама арасында өтіп жатыр. Негізі, сайысқа қатысушылардың қатары жыл сайын артып келеді әрі көрсеткіштері де жаман емес. Мәселен, былтыр жергілікті команда Көкшетау қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысып, 2-ші орынды иеленген болатын.

Сондай-ақ, бүгінгі сайыста жас құтқарушылар жапа шеккен адамды қауіпсіз жерге шығару, кедергілерден өту сияқты кезеңдерде де күштері мен білімдерін сынады. Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары кубок, медальдармен марапатталады. Өзге қатысушылар да сыйлықтан құр қалмайды.

Актолкын Солтанханкызы