ТЖ

Шомылу маусымы басталғалы 10 адам қаза тапқан

Өңірде күн қатты ыси қоймаса да суға түсуге ұмтылатындар табылып жатады. Бірақ, кейбіреуі қарапайым қауіпсіздік ережелеріне мән бермейді. Салдарынан шомылу маусымы басталғалы 10 адам су құрбаны болған.

Шомылу маусымы басталғаннан бері өңірде 10 адам көз жұмған. Оның 4-уі суға түсемін деп қаза тапса, 6-уы – балықшылар мен масаң күйдегі азаматтар. Бұл тізім өткен жылға қарағанда 8 адамға көп.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекшісі:

– Соңғы факті маусым айының 30-ында Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое селосында орын алды. 3 азамат отырыс жасап, кейін тоғанды жүзіп өтпек болады. Алайда, орта жолда біреуі суға батып кеткен. 31-дегі марқұм жігіттің сіңірі тартылып немесе шаршап қалуынан ажал құшқан деп тұспалданып отыр.

Мұндай қайғылы жағдайларды келешекте болдырмау үшін құтқарушылар тарапынан тиісті шаралар қолға алынуда. Биыл облыс аумағында 400-ге жуық профилактикалық рейд өткізіліп, 146 тыйым салу белгісі орнатылған. Сондай-ақ, 50-ге жуық мектепте ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, 58 жағажай арнайы қондырғылармен жабдықталыпты.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Біздің әріптестерімізбен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншіден, ата-аналар балаларды жалғыз қалдырмаулары қажет және мас күйінде суға жақындамау керек. Балықшылар қайыққа құтқару жилетін киіп мінулері қажет.

Облыс аумағында соңғы 5 жылда 168 адам суға кеткен. Олардың 22-сі – балалар.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы