Қоғам

Шетелде бас аспаз болып жұмыс істейтін жерлесімізбен сұхбат

Аспаз әрі марафоншы. Жерлесіміз жырақта жүрсе де туған жерін ұмытқан емес. Осыннан білім алып, қазір Прагадағы белді мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтін Максим Семенчуков жуырда Петропавлға келіп кетті. Спортты да серік еткен жан елордада өтетін жарысқа қатыспақшы екен.

Максим Семенчуков, шеф-повар:

– Пару недель назад мы делали карбонару, но только из капусты. Свежую капусту мы порезали как макароны. Отварили 2-3 минуты и использовали как макароны.

Бас аспаздың шеберлік сағаты… Түбі – петропавлдық, қазір Чехияда жүрген Максим Семенчуков мындағы әріптестеріне дәмі тіл үйіретін тағам әзірлеуді үйретіп жатыр. Ас дайындаудың қыр-сырын ол бес саусағындай біледі. Бұл істі өнер десе де болады. Өйткені, қалыптасқан рецепттен басқа, шабыт келгенде мәзірді де өзі ойластырады екен. Прагадағы мейрамханалардың бірінде бас аспаз болып жұмыс істейтін жерлесіміз шетелдіктердің талғамын айтты.

Максим Семенчуков – бас аспаз, Прага қаласы, Чехия Республикасы:

– Чехиялықтар біз сияқты ет жегенді жақсы көреді. Бірақ, тағам әзірлеу әдістері мүлдем өзгешелеу. Ал италиялықтар көбіне жеңіл қорытылатын асқа тапсырыс береді. Мен өзім денсаулыққа пайдалы өнімдерді таңдаймын.

Тағам әзірлеуде оның дәмі ғана емес, безендірілуіне де баса мән берген жөн дейді бас аспаз. Бұл ретте Максимнің тәжірибесі айтарлықтай мол. Оның бұл салада жүргеніне 15 жылға жуықтапты.

Максим Семенчуков – бас аспаз, Прага қаласы, Чехия Республикасы:

– Мен негізі Петропавлдағы экономикалық колледжде білім алдым. Оқи жүріп, жергілікті тамақтану орындарында жұмыс істедім. Ас әзірлеудің әліппесін меңгердім. Кейін маған бір танысым келіп, Прагаға оқуға барғалы жатқанын айтты. Мен де бірге келісе кеттім. Сөйтіп, тағам әзірлеудің чехиялық, италиялық дәстүрімен таныстым. Менің үлкен кітабым болатын. Бүкіл рецептілерді соған жазып алатынмын.

“Жігітке жеті өнер де аз” демекші, Максимнің кәсібі аспаздық болса, хоббиі – спорт. Жерлесіміз 10 жылдан бері түрлі марафондарға қатысып, еліміздің намысын қорғап жүр.

Максим Семенчуков – бас аспаз, Прага қаласы, Чехия Республикасы:

– Алғаш рет марафонға шақыру туралы жарнаманы көргенде “осы бағымды сынап көрейінші” деген ой келді. Сөйтіп, спорт менің хоббиіме айналды. Сол себепті болар, мені көбісі Runnig-аспаз деп атайды. Осы атауға үйреніп қалғандары соншалықты, кейде шын есімімді де білмей жатады.

Максим Семенчуков шілденің 14-і Нұр-Сұлтан қаласында триатлоннан өтетін Ironman чемпионатына қатыспақшы. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 1400-ге жуық спортшы жиналады екен. Қатысушылар 2 шақырымды жүзіп, бірден велосипедпен 90 шақырымды еңсеріп, кейін 21 шақырымды жүгіріп өтулері керек. Жерлесіміз бұл сында да ерекшеленетіне сенімді.

 

 

 

Маржан Касымбек