Қоғам

«Жастар керуені» ауылдарды аралайды

Ауылдағы жастармен жүздесіп, сұрақтарына жауап беру, ақыл-кеңес айту. Өңірде “Жастар керуені” атты жоба жұмысын бастады.

Жастар керуені тұрғын үй жинақ банкі, кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері мен еріктілерден құралған. Барлығы 14 маман ауыл-ауылды аралап, жастармен жүздеседі. Мұндай миссияның мақсаты – жас ұрпақтың қызығушылығын білу, қойған сұрақтарына жауап беру және мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіру. Жастар керуені сапарды ең алдымен Мамлют және Жамбыл аудандарынан бастағалы отыр.

Жанат Мұхамеджанов, «Қызылжар» білім орталығының директоры:

– Ауылдағы жастардың мәселелерін қарастырамыз. Жұмысқа қалай тұру керек, үйді қалай алуға болады – осы сынды сұрақтарын тікелей мамандарға қоя алады, кеңес тыңдайды.

Жастар керуенінің құрамында кәсіпкер де бар. Ол өз білген-түйгенімен бөліседі. Ал “Жыл студенті” атанған жан студенттік өмір туралы әңгімелеп, ауылдағы жастардың тарапынан түскен ұсыныстарды тыңдайды. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы өкілдерінің де өз мақсат-міндеттері бар.

Әкімжан Төлебай, СҚО «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы:

– Осы бағдарлама аясында біздің мақсатымыз – ауылдағы, аудандағы жастармен танысып, соларға өзіміздің жұмысымызды ұсыну. Яғни, жалғыз қалада ғана емес облыстағы жастарды өзімізге тарту. Біз «Жас сарбаз» қатарына шақырамыз, олар өз кезегінде қызығушылық білдірсе өтініш толтырады. Кейін біз оның білімі мен спорттық нәтижесіне қарай іріктеп аламыз.

Жастар керуені облыс аумағын бір ай бойы сапарлап, бүкіл ауылды аймақтарды қамтимыз деп жоспарлап отыр.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы